Израиль шетелдік туристерді арнайы рейстермен эвакуациялауға кірісті

Бүгіннен бастап Израиль шетелдік туристерді арнайы ұйымдастырылған ұшақтармен елден шығара бастады.
Бұл туралы The Times of Israel басылымы хабарлады.
Израильдің көлік министрі Мири Регевтің айтуынша, эвакуация үшін 24 рейс жоспарланған. Барлық ұшулар қауіпсіздік мақсатында тек күндізгі уақытта орындалады. Алдымен гуманитарлық, медициналық және ұлттық қауіпсіздікке қатысты себептермен кетуі тиіс азаматтарға басымдық беріледі.
13 маусымнан кейін рейстері тоқтатылған жолаушылар үшін эвакуациялық ұшулар тегін болады. Қалған азаматтарға билеттер $99 бен $695 аралығындағы белгіленген бағамен ұсынылады. Егер турист тек біржақты билет сатып алған болса, кері қайту рейсіне тек 30 күннен кейін ғана отыруға рұқсат беріледі.
Рейстерді El Al, Israir және Arkia әуе компаниялары орындайды. El Al сегіз бағыт бойынша ұшады: Ларнака, Афины, Рим, Париж, Лондон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес және Бангкок. Алайда Орталық Азия елдеріне ұшу бағыты қарастырылмаған.
Қазіргі уақытта Тель-Авивтегі халықаралық Бен-Гурион әуежайы шектеулі режимде жұмыс істеп тұр – сағатына тек екі ұшақтың қонуына рұқсат етілген. Барлық ұшулар №3 терминалдан ұшырылады, ғимаратқа тек билеті бар адамдар ғана кіре алады. Duty Free дүкендері уақытша жабылған, тек кафе мен мейрамханалар жұмыс істейді. Бұл – жолаушыларды тезірек отырғызу және қауіпсіздік шараларын сақтау үшін жасалған.
Елден шыға алмай немесе Израильде қалуға мәжбүр болған шетелдіктердің визасы 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзартылды.
Шетелдіктер Израильден Египет пен Иорданиямен шекаралас құрлық өткелдері арқылы да шыға алады. Барлық шекара бекеттері ашық, ол жақта туризм министрлігінің мамандары көмек көрсетіп жатыр. Бұған дейін біз эвакуациялық рейстерге қалай тіркелуге болатынын жазған едік. Израиль билігінің мәліметінше, елден шамамен 22 мың адам кетуге ниет білдірген.
Қазақстан азаматтарын Израильден ҚР Сыртқы істер министрлігі эвакуациялап жатыр. Соңғы деректерге сәйкес, Израильден Египет арқылы 66 қазақстандық елге қайтарылды. Ал Ираннан 200-ге жуық адам эвакуацияланған.
Айта кетейік, Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығыс 13 маусымда ушығып, сол уақыттан бері халықаралық рейстер жаппай тоқтатылған. Бұл оқиғалар Таяу Шығыс әуе кеңістігіне қауіп төндірді.