Әзербайжан Ақтаудағы ұшақ апатына Ресейді айыптап, жауапқа тартуды талап етуде

Әзербайжан билігі өткен жылдың соңында Ақтау маңында орын алған жолаушылар ұшағының апатына байланысты Ресей тарапынан жауапкершілік талап етті.
Баку Мәскеуді Embraer 190 ұшағының апатына себеп болған жағдайларды ашық тергемей отыр деп айыптап, кінәлілерді әділ жауапқа тартуға шақырды.
Әзербайжанның бас прокуроры Кямран Алиевтің мәлімдеуінше, әзірге Ресей тарапы тергеудің нақты нәтижелерін Әзербайжан жағына ұсынбаған. Оның айтуынша, ресми Мәскеу тек «тергеу әлі жүріп жатыр», «сараптамалар жалғасуда» деген жалпы сипаттағы түсініктемелермен шектеліп отыр.
— Біз оқиға болған сәттен бастап өз тергеуімізді жүргізіп, барлық қажет дәлелдерді жинадық. Қазір оқиғаның толық хронологиясы мен себептері бізге мәлім. Қазақстан тарапымен тығыз ынтымақта жұмыс істеп жатырмыз. Біз бұл әрекетті қасақана жасалды деп нақты тұжырым жасамасақ та, ұшақтың атып түсірілгені бойынша барлық айғақ бізде бар, - деді Алиев. Оның сөзін әзербайжандық Report агенттігі келтіреді.
Оқиға 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған. Бакуден Грозныйға бағыт алған Әзербайжанның AZAL әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта 67 жолаушы болған, олардың 29-ы тірі қалып, 38 адам қаза тапқан еді.
Қайғылы оқиғадан кейін бұл ұшақ апатына ресейлік әскери күштердің қатысы бар болуы мүмкін деген болжамдар пайда болды. Алайда ресейлік тарап бұл нұсқаны растаған да, терістеген де жоқ. Бүгінгі күнге дейін тергеу барысы туралы нақты ақпарат ұсынылмаған.
Бас прокурор Кямран Алиев Әзербайжан тарабы Ресейден тергеу нәтижелерін жақын арада жария етіп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуын күтетінін айтты. Сонымен бірге, бұл мәселенің халықаралық деңгейде қаралуы да мүмкін екенін меңзеді. Бұл жағдай екі ел арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін жаңа дипломатиялық шиеленіске айналуы ықтимал.