Бұрынғы Еңбек бірінші вице-министрі Сарбасов ұсталды

Қазақстанның бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ұсталды.
«Бұрынғы вице-министр Ақмәди Сарбасов ұсталды. Қазіргі уақытта ол Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті қызметін атқарады. Бұл ұйым Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты. Кеше Алматы қаласының тергеу сотының кестесінде оның есімі пайда болды. Осыдан кейін біз тергеу органдары мен министрлікке сұрау жолдадық. Анық ақпарат бүгін ғана белгілі болды», - делінген телеграм хабарламада.
Министрлік «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президентінің ұсталғанын растаған.
«Министрлік тергеу органдарына заң аясында қажетті көмек көрсетіп жатыр», - деді ведомстводан.
Ақмәди Сарбасов 2005 жылдан бастап министрлік құрылымында жұмыс істеген. 15 жылдан кейін вице-министр қызметіне көтеріліп, 2025 жылы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы болып тағайындалған. Бұған дейін аты ешбір дауға ілікпеген, көпшілік оны «бейтарап саясаткер» деп сипаттайды.
Сарбасовпен қатар осы орталықтың бұрынғы басшысы Даулет Арғандықов пен «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Руслан Омаровқа қатысты да бұлтартпау шарасы қолданылған.

Арғандықов 2014–2015 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған. Кейін 2015–2018 жылдары Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарған. Консалтинг саласында жұмыс істеп, 2020 жылы қайта оралған. Екі ай бұрын ғана қызметінен кеткен.
Журналист Михаил Козачковтың айтуынша, тергеу мәліметіне сәйкес, орталықтан азаматтар туралы деректер мен олардың кредиттері жөнінде ақпарат «Бірінші кредиттік бюроға» ақылы түрде берілген.
«Компания қызметкерлері VPN арқылы мемлекеттік деректер базасына қосылып, қажет мәліметтерді жинаған. Кейін сол ақпарат негізінде қазақстандықтар туралы кредиттік досье жасап, екінші деңгейлі банктерге жіберген. Осы қызмет үшін бюро банктерден ақы алып отырған. Бюро басшысы Руслан Омаров $80 мың алып жатқан кезінде ұсталған. Тергеу оны орталық басшылығына жүйелі түрде пара беріп отырған деп күдіктеп отыр», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Омаров бұған дейін әртүрлі банктерде жұмыс істеген, бірнеше ай бұрын Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңеске мүше болған.