Перизат Қайрат: «Куәлар көзіме қарап өтірік айтып тұр»

Соттағы жауап алу кезінде Тохтар Болысов пен Арсланбек Мақзұм есімді куәлар өздерін қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы ретінде тіркелгенімен, ол ұйымның жұмысына қатыспағандарын айтты.
Болысов Перизат Қайратпен 2019 жылы мешітте ортақ танысы арқылы танысқанын, кейінірек бір жоба аясында бірге жұмыс істегенін айтты. 2021 жылы Перизат оны құрылтайшы ретінде қосуға шақырған, ол келісіп, аты-жөнінің тізімге енуіне қарсы болмаған. Бірақ Болысов ешқандай құжатқа қол қоймағанын атап өтті.
Сондай-ақ ол қор қызметіне араласпағанын және банк шоттарына қолжетімділігі болмағанын айтты.
Ал Мақзұм бұл қорға еш қатысы жоғын мәлімдеді. Оның сөзінше, ол Перизатпен 2020 жылы пандемия кезінде танысқан. Екеуі «Жас Отан» жастар қанаты аясында азық-түлік себеттерін таратуға қатысқан.
«Мен қордың құрылтайшысы емеспін. Атым құжаттарда жүргенін тек БАҚ арқылы және тергеуге шақырылғанда ғана білдім», - деді Мақзұм.
Осы айтылғандардан кейін Перизат Қайрат тағы да көзіне жас алды.
«Көзіме тіке қарап, өтірік айтқандары жанымды ауыртады», - деді ол.
Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.
Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.
ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.
2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.
Ол сондай-ақ СИЗО-да соққыға жығылғанын айтқан еді.
Іс бойынша сот процесі жалғасуда.