Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:25

Испандықтар Назарбаевтың қызынан Льорет-де-Мардағы жолды қайтарып алды

Құлыбаева
Фото: zhasalash.kz

2023 жылдың тамыз айында Каталонияның Жоғарғы соты Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасын Льорет-де-Мар қаласындағы жағалау жолының бір бөлігін көпшілікке ашуға міндеттеді.

Назарбаевтар отбасы бұл жолдың туристер өтуіне кедергі келтіріп келген. Жол олардың Can Juncadella атты вилласынан өтеді. Бұл зәулім үй Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаеваға тиесілі.

Испаниядағы жол үшін күрес Қазақстанда да жалғасып жатқанын еске салады: Алматыдағы бір көше үшін жергілікті депутаттар Құлыбаеваның атына шағым түсірді.

Испанияның бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Льорет-де-Мар тұрғындары 2007 жылдан бері осы мәселе бойынша қолайсыз жағдайға тап болған. Eldiario.es басылымы Тоссу-де-Мар мен Льорет-де-Марды жалғайтын Коста-Брава жағалауы бойындағы жолмен жүгіріп келе жатқан екі спортшының оқиғасын жазған. Олар Can Juncadella вилласына жақындай бергенде, оларға қолында қаруы бар камуфляж киген ер адам жолды жапқанын айтып, кері қайтарған.

«Ол бұл жолдың жеке меншік екенін айтып, жүруге тыйым салды. Біз қатты қорықтық та, бірден қайтып кеттік», - дейді спортшы.

Кейбір көршілердің заңсыз құрылыс пен жолдарды жабу туралы шағымдарынан кейін бұл жағдай ушыға түскен.

Can Juncadella зәулім үйінің ауданы — 3200 шаршы метр. Ол Жерорта теңізіне көрініс ашатын әсем жерде орналасқан. SOS Lloret атты жергілікті экологиялық ұйымның айтуынша, үйде 17 жатын бөлме, 25 жуынатын бөлме, екі сауна, түнгі клуб, бассейн, шаштараз, кино залы және көптеген көлікке арналған тұрақ бар.

15 жылдан кейін бірнеше сот процесінен соң Каталония Жоғарғы соты Can Juncadella вилласы орналасқан, шамамен 20 гектар орманды аумақты алып жатқан жерден өтетін, жаяу жүргіншілерге арналған Ками-де-Ронда тропын ашуға міндеттеді. Бұл шешім 2021 жылы қабылданып, 2023 жылғы шілдеде қайта күшіне енген.

2023 жылы жергілікті басылымдар вилла маңында 100-ге жуық адамның наразылық акциясына шыққанын жазды. Кейбіреулері тіпті қоршаудан өтіп кеткен. Наразылар “Camins Públics Ja!” (Қоғамдық жолдар қазір ашылсын!) деген жазуы бар баннерлермен қоғамдық жолды қайтаруды талап етті.

Назарбаев
Фото: БАҚ

Сол жылдың қыркүйегінде YouTube желісінде испандықтардың жолмен еркін жүріп келе жатқаны түсірілген видео жарияланды.

Ал 2025 жылғы 17 шілдеде мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Сергей Пономарев Алматыдағы Әлмерек көшесінің көпшілік жүретін жол ретінде пайдаланылмай қалғанын анықтады.

2014 жылдан бастап бұл жер учаскесі, оның ішінде жол бөлігі де Динара Құлыбаеваның атына тіркелген. Бұл дерек ресми құжаттармен расталған. Жер телімінің ауданы — 6,25 гектар. Жергілікті тұрғындар енді Навои көшесіне жету үшін айналма жолмен 20 минут артық жүруге мәжбүр.

Күзет бұл аумаққа қожайынның соңғы үш жылда келмегенін айтқан. Жол биік дуалмен қоршалған, кіру шектелген.