Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:50

Марат Жыланбаевты босатуды талап еткен белсенділер қамалды

Белсенді
Фото: ашық дереккөз

Степногорск қаласында белсенді Айя Сәдуақасова 10 тәулікке қамалды.

NotExtremists Telegram-арнасының хабарлауынша, ол «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен әкімшілік жазаға тартылған.

Сәдуақасова Степногорскідегі колония маңында наразылық акциясын өткізіп, Марат Жыланбаевты босатуды талап еткен. Алайда сот бұл әрекетті «заңсыз митинг» деп таныған. Белсенді тағылған айыппен келіспейтінін, өз әрекетін бейбіт және заңды азаматтық бастама деп санайтынын айтқан.

Бұған дейін, 28 мамыр күні дәл осы талаппен Астанада белсенді Әсия Оңлабекқызы да 10 тәулікке қамалған болатын.

Белсенділердің қамалуы аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында орын алғаны да назар аудартады. Қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғаушылар бұл оқиғаны саяси еркіндіктің шектелуі ретінде бағалап отыр.

Еске сала кетейік, танымал марафоншы, қоғам белсендісі Марат Жыланбаев 2023 жылы «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» деген айыппен сотталған болатын. Құқық қорғау ұйымдары оны «саяси тұтқын» деп танып, дереу босатуды талап етіп келеді.

Белсенді Марат Жыланбаев адвокатына сыртпен байланыса алмай қалғанын және шағымдану құқығы шектелгенін жеткізген. Адвокаттың сөзіне қарағанда, Марат Жыланбаевтың адвокатқа жазған хаттары тәркіленіп жатыр. Белсендінің жеке жазбалары да тәркіленген көрінеді.

«Тіпті сәуір айының басында маған жазған хаты әлі қолыма тимеді. Мараттың Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жолдаған өтініші де жеткізілмеген», - дейді адвокат.

Марат Жыланбаев — марафоншы, оппозициялық белсенді. Ол «экстремистік ұйым ісіне араласты, қаржыландырды» деп айыпталып, 7 жылға сотталған. Қазақстан билігі Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп есептемейді. Белсенділер мен құқық қорғаушылар бұл істің саяси астары бар деп санайды.