"Мылтықты Шерзат алып келді". Сотта Нұрғанаттың тергеудегі жауабы оқылды

Шерзат Полатқа қатысты іс бойынша бүгін түстен кейін өткен сот отырысында марқұмның қайтыс болған ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың тергеу барысында берген жауабының бейнежазбасы көрсетілді.
Видеода Нұрғанат Ғайыпбаев тергеушілердің сұрақтарына жауап бергені көрсетілген. Нұрғанаттың төсекте жатқанына қарағанда емделіп жатқанын, төбелестен кейін көп уақыт өтпегенін аңғаруға болады.
- Мылтықты ма? Қай жерден алып келгенін білмеймін, Шерзат алып келді. Түсінген жоқпын. Племяннигім әкелді. Біреуі звандап, балаларын шақырады стрелкаға. Мен жарты сағаттан көлікпен келген болсам, Нұрболат және “гольфпен” тағы бір жігіт келді. Мен олармен сөйлестім. “Пьяный базар – не базар, ол болмайды, қалай болса да мас адам мастығын істейді ғой” деп сөйлестім. Мен бауырымды (Шерзатты) қайтарып жібергенмін ғой. Ол кетеді. Олар “брәшкәңді шақыр, кешірім сұрай салсын, сонымен халас” деді Нұрболат. Чина, Мина деген біреулерді телефонмен шақырды. Жігітше питак берді. Болды дедім. Бірақ бір машина, екінші тағы бір машина келді, - дейді Нұрқанат Ғайыпбаев.
Еске салайық, ресми мәліметке сәйкес, Нұрғанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.