Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

“Ағаштарды бояп қойыпты”: Президентті қатты күткен Ақтөбе әкімі күлкіге қалды

Ақтөбе
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде Президенттің сапары қарсаңында қаланы жаппай “безендіру” әлеуметтік желіде күлкі мен сынға ұшырады.

Қала тұрғындары таңғы 5-тен бастап тазарту жұмыстары жүргізіліп, жол белгілері жаңартылғанын, ал кейбір ағаштардың жапырағы бояумен боялғанын айтып, желіге видео мен фотолар жариялады.

Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы қураған бұталардың кенеттен “жасыл түске” боялғанын байқаған тұрғындар жапырақты ұстап қалғанда қолдарына бояу жұғып қалғанын көрсетті. Желі қолданушылары бұл әрекетті әжуалап, “ағаш емес, халықты бояп жатыр” деп жазды.

Ақтөбе қаласы әкімдігі “ағаштарды бояды” деген айыптауларды жоққа шығарып, бұл – ағаштарды күтіп-баптауға арналған арнайы қорғаныш құрамы екенін алға тартты. Ресми мәлімет бойынша, “Inva Profi” мердігер компаниясы жасыл желекке келесі шараларды жүргізген:

  • Қураған бұтақтарды кесу және санитарлық тазалау;
  • Эпин, Циркон секілді өсімдікті қорғайтын стимуляторларды шашу;
  • Топырақты зиянкестерден тазарту;
  • Тыңайтқышпен қоректендіру және гербицидпен арамшөпті жою;
  • Күнделікті мониторинг.

Тарих қайталана ма? Айта кетейік, 2017 жылы да Ақтөбеде президент сапары алдында дайындық жұмыстары дауға ұласқан. Сол кезде әкімдік қызметкері Абзал Тілмағамбетов кортеж өтетін жолға белгі соғып, 272 млн теңге жымқырды деген айыппен 8 жылға сотталған еді.

Бұл жолғы жағдай да жұрттың сынына ұшырап, әкімдік жұмысының формалды, көзбояушылық сипатынан арыла алмай отырғанын көрсетіп отыр.

Тегтер: