Берденов Respublica партиясы төрағасының орынбасары қызметінен кетті

Бұған дейін қастандыққа ұшыраған саясаткер Руслан Берденов Respublica партиясы төрағасының орынбасары қызметінен кеткенімен, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымында қалды.
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №150 жарлығымен бекітілген саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері, олардың бірінші орынбасарлары мен аппарат басшылары саяси мемлекеттік қызметшілер болып табылады. 2025 жылғы 24 ақпанда Берденов Р.А. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып саяси мемлекеттік лауазымға тағайындалған. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 10-бабының 5-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партиялар, қоғамдық және діни бірлестіктер қызметінен тәуелсіз әрі бейтарап болуға міндетті. Бүгінде Берденов Р.А. Respublica партиясының құрылымында ешқандай басшылық қызмет атқармайды, бірақ партия мүшесі ретінде қала береді», - деді партияның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Берденовке қастандық 21 сәуір күні кешке жасалған болатын. Қалалық әкім орынбасары оқ жарақатын алып, ауруханаға түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, оған оқ атқан – Шымкент әкімдігіне қарасты ЖШС қызметкері. Қастандық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталған. Қастандыққа бару себептерінің бірі ретінде әуелде «қызмет бабындағы әдепсіз әрекет» нұсқасы аталғанымен, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Айгерім Жұмақұлова бұл болжамды жоққа шығарған.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің айтуынша, Берденов жұмысқа шықпаған.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жүргізілген.
— ҚК 24-бабы 3-бөлігі — Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады;
— ҚК 99-бабы 2-бөлігі 6-тармағы — басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу.
Аталған қылмыстар үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза мүлікті тәркілеумен немесе соттың шешімі бойынша тағайындалады.
Еске сала кетейік, Қаскөй — оның бұрынғы қызметкері Ернар Жиембай екені анықталған.
Мәліметтерге сәйкес, қалалық әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры Ернар Жиенбай жиын барысында Берденовтің сынына ұшырап, залдан шығарылған. Осы оқиғадан кейін шенеунік серіктестіктің қызметін тексеруді тапсырған және Жиенбайды қызметінен босату туралы шешім қабылдаған. Тергеу бойынша, дәл осы жағдайлар шабуылдың басты себебі болуы мүмкін.
Мамыр айының басында Руслан Берденов алғаш рет байланысқа шығып, дәрігерлерге алғысын білдіріп, емдеу барысы туралы баяндаған еді.