Жағалауда жауапсыздық: депутат Сайрандағы реконструкцияны тоқтатуды талап етті

Алматы қалалық мәслихатының депутаты Тимур Елеусізов Сайран көлінің жағалауын қайта жаңғыртуға жауапты «Павлодар өзен порты» АҚ компаниясын сынға алды.
Оның айтуынша, жұмысшылар ағаштарға қатысты «вандализммен» айналысуда.
Депутаттың сөзіне қарағанда, ағаштардың жағдайы мәз емес – олар суарылмайды, тамыр жүйесі зақымданған, кейбірінің тамыры кесілген.
«Алматы қаласының әкімі жасыл желекті қорғау жөнінде жиындар өткізіп, табиғатты сақтау жайлы маңызды мәлімдемелер жасап жүр. Ал жергілікті жерде мердігерлер бұл тапсырмаларды елемей, аяқасты етіп отыр. Олар үшін ең бастысы – бөлінген қаражатты игеру сияқты», - деп жазды Елеусізов.

Қазіргі уақытта Сайран көлінің жағалауын қайта жаңғырту жұмыстарының нақты аяқталу мерзімі белгісіз. Бұған дейін сол кездегі қала әкімі Ерболат Досаев жобаның 2024 жылдың соңына дейін аяқталатынын айтқан. Алайда жөндеу жұмыстары бірнеше рет кейінге шегерілген. Жоспар бойынша, мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ жобаны 2025 жылдың мамырында тапсыруы тиіс болған.
Алайда маусым айында компания өкілі жөндеу жұмыстарының кешігуіне жаңбыр мен жеткізілімдердегі іркілістер себеп болғанын алға тартты.
Айта кетейік, маусым айының соңында Сайран көлінде жасөспірім мен ересек ер адам суға батып кеткен еді. Осы оқиғадан кейін қала тұрғындарының суға түсуіне толықтай тыйым салынып, жағалауда полиция патрульдері қойылды.