Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:05

Киевке дронмен жасалған шабуылдан кемінде 15 адам қаза тапты

Киев
Фото: ашық дереккөз

Украина астанасы Киевте 17 маусымға қараған түні болған дрон шабуылынан кемінде 15 адам көз жұмды.

Бұл туралы Украина Ішкі істер министрі Игорь Клименко өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Оның айтуынша, қалада 27 нысан шабуыл астында қалған. Олардың арасында тұрғын үйлер, білім беру мекемелері мен маңызды инфрақұрылым нысандары бар. Бір көпқабатты үйде тұтас бір кіреберіс құлап түскен.

Кейінірек «Украинская правда» басылымы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметке сілтеме жасап, үйінді астынан тағы бір ер адамның мәйіті табылғанын, құрбандар саны 15-ке жеткенін хабарлады.

Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың айтуынша, Днепров ауданында Shahed үлгісіндегі дронның сынығы тұрғын үйдің қабырғасына кіріп кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жерде өрт шықпаған және зардап шеккендер жоқ. Алайда кейін Ткаченко ресейлік шабуылдан 99 адамның зардап шеккенін, оның ішінде 59-ы ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

Киев мэрі Виталий Кличконың мәліметінше, шабуылдан 40-тан астам пәтер қираған. «Үйінді астында адамдар болуы мүмкін. Қаза тапқандар саны артуы ықтимал», – деді ол «Киев» телеарнасында. Бұған дейін ол 16 адамның жараланғанын айтқан. Сонымен қатар, Кличко Telegram-арнасында шабуыл кезінде Соломен ауданындағы бір үйде 62 жастағы АҚШ азаматының қайтыс болғанын жазды. «Медициналық көмек көрсетіліп жатқан үйдің қарсысындағы ғимаратта ер адам қайтыс болды. Дәрігерлер клиникалық, кейін биологиялық өлімді тіркеді», – деді ол.

Соломен ауданынан бөлек, Киевтің Дарница және Святошин аудандарында да өрт шыққаны хабарланды. Голосеев және Дарница аудандарының бір бөлігінде автоматты қорғаныс жүйесі іске қосылып, жарық сөнген. Энергетиктер апаттың салдарын жоюға кіріскен.

Сол түні Ресей дрондары Одесса қаласына да шабуыл жасады. Бұл туралы Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипер хабарлады. Шабуыл салдарынан бірнеше өрт шыққан және қирандылар бар. Жергілікті биліктің мәліметінше, шабуылдан 13 адам жарақат алған, олардың арасында бала да бар.

Бұған дейін, 10 маусымға қараған түні Ресей Киевке ірі дрон шабуылын жасаған болатын. Ол кезде қаладағы жеті аудан зардап шеккен, бірнеше өрт тіркелген, төрт адам жараланған. Сол түні Одесса да шабуыл астында қалып, бір бейбіт тұрғын көз жұмып, үшеуі жарақат алған.

11 маусымға қараған түні ресейлік дрондар Харьковке шабуылдады. Бұл шабуылдан бірнеше тұрғын үй қатты зақымданып, үш адам қайтыс болды, 60 адам жарақат алды. Келесі түні Харьков тағы да шабуылға ұшырады.

Тегтер: