Әзербайжан Ресейге бірқатар наразылығын жеткізді

Әзербайжан билігі Ресеймен арадағы қатынастарға нұқсан келтірген бірқатар мәселелер бойынша ресми наразылық білдірді.
Бұл туралы Бакуде Ресейдің төтенше және өкілетті елшісі Михаил Евдокимовпен кездесуде айтылды.
Негізгі талаптар мен шағымдар:
- Әзербайжан МИД-і маусым айының соңында Екатеринбург қаласында ұсталған бірнеше әзербайжан азаматына қатысты жағдайға алаңдаушылық білдіріп, олардың екеуі қайтыс болғанын еске салды. Баку бұл оқиғаны мұқият әрі әділ тексеріп, кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.
- Сонымен қатар ресейлік медиада “этникалық қылмыстық топ” деген сияқты ұғымдардың қолданылып, ұлтаралық алауыздықты қоздыруы Әзербайжан тарапын қатты қынжылтқан.
- Ресей тарапының “Sputnik Әзербайжан” агенттігі қызметкерлерінің тұтқындалуына қатысты сыны да Әзербайжан СІМ тарапынан негізсіз деп танылды.
- Бұған қоса, Баку – Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 ұшағының апаты бойынша ашық және толыққанды тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
Ресейдің жауабы: Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бұл жағдайға қатысты жұмсақ мәлімдеме жасап, Ресей мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық одақтастықты бұзғысы келетін “кейбір күштердің” бар екенін айтты. Сонымен қатар Захарованың айтуынша, әзербайжандық күштік құрылымдар ұстаған ресейлік азаматтарға консулдық қолжетімділік әлі берілмеген.
Ресей СІМ өз азаматтарына Әзербайжанда қауіпсіздік шараларын күшейтіп, сақ болуға кеңес берді. Ресейліктерге елге сапар жоспарлағанда ахуалды ескеруге шақырды.
“Ковчег” құқық қорғау ұйымы Әзербайжанда тұрып жатқан ресейліктерге қатысты полиция рейдтері жалғасып жатқанын хабарлады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, полиция қызметкерлері түнде пәтерлерге кіріп, арнайы құралдарды қолдана отырып, ресейліктерді визалық тәртіп бұзған-бұзбағанын тексеріп, тізімдер жасақтауда.
Әзербайжан мен Ресей арасындағы дипломатиялық шиеленіс күшейе түсті. Баку өз наразылығын ашық білдіріп, бірқатар маңызды мәселелер бойынша ресми тергеу мен түсініктемелер күтуде. Ал Мәскеу азаматтарының қауіпсіздігін басты орынға шығарып отыр.