Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:15, 04 Маусым 2025

Ресей әуе базаларына дронмен шабуыл жасады деген күдікті Астанаға қашып кеткен

Маш
Фото: Mash

Mash Telegram-арнасының хабарлауынша, Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты нысандарға дрондармен жасалған шабуылға қатысы бар деп күдікке ілінген Артём Тимофеев Астанаға қашып кеткен.

Басылым мәліметінше, 37 жастағы Тимофеев — Украина тумасы болуы мүмкін. Ол шабуылдан төрт күн бұрын әйелі Екатеринамен бірге Қазақстан шекарасын кесіп өткен. Сапар барысында әйелі әлеуметтік желіде көлік ішінде түскен суретін жариялап, “ит пен мысықты алып, Астанаға бара жатырмыз” деп жазған.

Mash деректеріне қарағанда, дрондар 1 маусым күні әскери нысандарға жүк көліктерінен (фуралардан) ұшырылған. Бұл көліктердің иесі дәл осы Тимофеев болғаны айтылып отыр. Водительдер дрон ұшыру бойынша тікелей тапсырманы Артём Тимофеевтен алғанын растаған.

Қазір күдіктіге іздеу жарияланды. Ол Иркутск облысы бойынша федералдық іздеуде.

Еске сала кетейік, соңғы апталарда Ресей аумағындағы бірқатар стратегиялық нысандарға ұшқышсыз аппараттармен жасалған шабуылдар жиілеген. Бұл шабуылдардың көбі Украинамен шекаралас аймақтарда болған.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы әзірге бұл іске байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Күдіктінің Астанаға келгені, шекарадан өту дерегі және оның Қазақстанда болуы расталмаған.

Егер Артём Тимофеевтің Ресей сұратқан адам екені ресми түрде расталса, оны қайтару мәселесі Қазақстан мен Ресей арасындағы құқықтық келісімдер аясында қаралады.

Айта кетейік, Қазақстан халықаралық іздеуде жүрген тұлғаларға пана бола алмайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Дегенмен, экстрадиция мәселесі әрдайым сот арқылы және тиісті дәлелдер негізінде шешіледі.