Қытай Қазақстанға АЭС салуды Ресейге қарағанда екі есе арзан бағаға ұсынды

Қазақстан аумағында атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша ұсыныс білдірген елдердің бірі — Қытай.
Қытайдың Ұлттық ядролық энергетикалық корпорациясы (CNNC) еліміздің Энергетика министрлігіне нақты техникалық және қаржылық ұсыныс жолдаған.
CNNC ұсынған жоба жалпы қуаты 2,4 гигаватт болатын екі HPR-1000 реакторынан тұрады. Компания станция құрылысын 550 миллион долларға бағалап отыр. Бұл — шамамен 280 миллиард 791 миллион теңге. Құрылыс мерзімі, техникалық талаптар және қауіпсіздік деңгейі де ұсынысқа енгізілген. CNNC бұл реакторлардың әлемдік тәжірибеде сәтті пайдаланылып жатқанын, атап айтқанда, Қытай мен Пәкістанда жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Салыстыру үшін, Ресейлік «Росатом» корпорациясы Қазақстанда салынатын АЭС жобасын 1,2–1,5 миллиард долларға бағалаған. Бұл сома 766 миллиард теңгеге жуық, яғни Қытайдың ұсынысынан екі есеге жуық жоғары.
Қытай тарапы:
“Біз Қазақстанға тек қолжетімді баға ғана емес, қауіпсіз, заманауи және экологиялық таза шешім ұсынып отырмыз. Қытайда HPR-1000 реакторлары бірнеше жылдан бері сәтті жұмыс істеп тұр”, – деді CNNC өкілдері презентация кезінде.
Қазақстан үкіметі қазіргі таңда бірнеше елдің ұсынысын қарастырып жатыр. Оның ішінде Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея бар. АЭС салу мәселесіне қатысты халықтық референдум өткізу де күн тәртібінде тұр.
Энергетика министрлігі жоба бойынша нақты шешім референдумнан кейін қабылданатынын мәлімдеген. Алайда стратегиялық әріптестердің ұсыныстары мен техникалық-қаржылық шарттары қазірдің өзінде қоғам мен сарапшылардың қызу талқылауына түсіп отыр.