Қаржы полициясының бұрынғы төрағасы Талғат Тәтібаев ұсталды

Elmedia-ға сенімді дереккөздердің мәліметінше, кеше Алматы қаласына қаржы полициясының бұрынғы басшысы Талғат Тәтібаев жеткізілді және ол ұсталған.
Ол — Бас прокурор қызметін атқарған Қайрат Қожамжаровқа жақын тұлғалардың бірі ретінде танылған.
49 жастағы Тәтібаев 2005 жылдан бастап қаржы полициясы жүйесінде еңбек етіп, ұзақ жылдар осы салада қызмет атқарған. Қожамжаров басшылық еткен кезеңде ол Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі (АБЭКП) жанындағы сыбайлас жемқорлық істерін әшкерелеу және алдын алу департаментінің бастығы лауазымына дейін көтерілген.
Кейінірек Президент Әкімшілігі жанындағы құқық қорғау жүйесі бөлімінде жетекші орынбасары болып жұмыс істеп, артынша қайтадан қаржы полициясына (кейінгі атауы — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы) оралып, 2016 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың мамырына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті басқарды.
Қожамжаров Бас прокурор болған тұста Тәтібаев ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы болып, кейін 2022 жылдың наурызына дейін Әділет министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.
Elmedia-ның сенімді дереккөзі хабарлағандай, Талғат Тәтібаев азаптау әрекеттерін қолданды деген күдікке ілінген. Қазіргі уақытта бұл іске байланысты тергеуді Бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық тергеу тобы жүргізіп жатыр.
Тағы бір дереккөздің айтуынша, бұрынғы және қазіргі прокуратура қызметкерлері мен басқа да құқық қорғау органдарындағы “қожамжаровшылар” деп аталатын топ өкілдері Тәтібаевты жауапкершіліктен құтқаруға әрекет жасап жатыр.
Бұл іс бойынша толық мәліметтер кейінірек жарияланады.