Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:55

Қазақ тілді контентті аз ұсынғаны үшін телеарналарға айыппұл салынады

Телеарна
Фото: ашық дереккөз

Мәдениет министрлігі қазақ тілінде тиісті көлемде хабар таратпаған телеарналар мен радиостанцияларға әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды.

БАҚ-тың хабарлауынша, 2025 жылдан бастап күшіне енген қазақ тілінде хабар тарату талабы әзірге нақты орындалмай отыр – телеарналар мен радиолар бұл талапты бұзғаны үшін жауапқа тартылмаған. Алайда бұл жағдай жуық арада өзгеруі мүмкін: Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік тілдегі контент көлемін азайтқан медиаларға айыппұл салу жайлы ұсыныс енгізді.

Қолданыстағы заң бойынша, теле және радиоэфирдің кемінде 55 пайызы қазақ тілінде болуы керек. Дегенмен, бұл норманы сақтамағаны үшін нақты жаза қарастырылмаған. Осыған байланысты министрлік Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Қоғамдық талқылау 10 шілдеге дейін жалғасады.

Жаңа ұсынысқа сәйкес:

  • Қазақ тіліндегі контент үлесін сақтамаған теле-радио арналарға айыппұл салу көзделген;
  • Жарнама көлемі тәуліктік 20% лимиттен асып кеткен жағдайда да жаза қарастырылмақ;
  • Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен видеоплатформаларда заңсыз контент таратқан тұлғалар мен компаниялар да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мәдениет министрлігінің дерегінше, 2024 жылы еліміздегі онлайн платформалардан 78 мыңнан астам заңсыз контент анықталған. Алайда олардың тек 24 пайызы ғана өшірілген. Ведомство бұл мәселе цифрлық кеңістікті бақылауды қиындатып отырғанын айтады.

«Еуропа мемлекеттері, Оңтүстік Корея және Ұлыбританияда тіл нормаларын немесе жарнама шектеулерін бұзған медиаларға миллиондаған айыппұл салынып, кей жағдайда платформалар бұғатталады», - делінген ресми құжатта.

Билік бұл өзгерістер мемлекеттік тілді қорғап, медиа саласындағы жауапкершілікті арттырады деп үміттеніп отыр. Айта кетейік, 2030 жылға дейінгі Тіл саясаты тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік телеарналардағы қазақ тіліндегі контент көлемі 85 пайызға, ал халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі 84 пайызға жетуі тиіс.

Тегтер: