Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Қамауға алынған қос экс-вице-министр Дүйсенованың тікелей бағыныштылары болған

Дүйсенова
Фото: zhasalash.kz

Жақында Ақмәди Сарбасов пен Дәулет Арғандықов қамауға алынған еді. 

Қазақстанның бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов пен бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов — қазіргі Президент кеңесшісі Тамара Дүйсенованың бұрынғы тікелей қарамағындағы қызметкерлері болған.

Ақмәди Сарбасов 2019 жылдың сәуірінен 2025 жылдың сәуіріне дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр, кейін бірінші вице-министр қызметтерін атқарған. Тамара Дүйсенова аталған ведомствоны 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың маусымы аралығында басқарған болатын.

Ал Дәулет Арғандықов Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін 2014 жылдың тамызынан 2015 жылдың маусымына дейін атқарған. Осы кезеңде Тамара Дүйсенова да сол министрліктің басшысы қызметінде болған — ол бұл лауазымды 2014 жылдың тамызынан 2015 жылдың сәуіріне дейін атқарған. Сондай-ақ, ол 2016 жылдың қыркүйегінен 2017 жылдың қаңтарына дейін де осы салада министр болған.

2025 жылдың ақпан айынан бастап Тамара Дүйсенова Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып қызмет атқаруда. Бұған дейін, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап вице-премьер болған, ал одан ертерек әртүрлі мемлекеттік құрылымдарда жоғары лауазымды қызметтерді атқарған, соның ішінде бірнеше мәрте министр лауазымын да иеленген.

Еске салайық, 1 шілде күні Ақмәди Сарбасов, Дәулет Арғандықов және «Бірінші кредиттік бюро» компаниясының CEO-сы Руслан Омаровтың қамауға алынғаны белгілі болды. Ал 3 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, тінту барысында олардан жүздеген мың доллар тәркіленген.

Журналист Михаил Козачковтың айтуынша, тергеу мәліметіне сәйкес, орталықтан азаматтар туралы деректер мен олардың кредиттері жөнінде ақпарат «Бірінші кредиттік бюроға» ақылы түрде берілген.

«Компания қызметкерлері VPN арқылы мемлекеттік деректер базасына қосылып, қажет мәліметтерді жинаған. Кейін сол ақпарат негізінде қазақстандықтар туралы кредиттік досье жасап, екінші деңгейлі банктерге жіберген. Осы қызмет үшін бюро банктерден ақы алып отырған. Бюро басшысы Руслан Омаров $80 мың алып жатқан кезінде ұсталған. Тергеу оны орталық басшылығына жүйелі түрде пара беріп отырған деп күдіктеп отыр», - делінген хабарламада.