Батыс Қазақстанда киік ату науқаны басталды

Батыс Қазақстан облысында киік популяциясын реттеу жұмыстары басталды.
Ақбөкендерді ату шарасы 30 қарашаға дейін жалғасады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай шара экологиялық тепе-теңдікті сақтау, жайылым жерлердің тозуына жол бермеу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мақсатында қолға алынған. Соңғы жылдары киік саны күрт көбейіп, шаруа қожалықтары мен егістік алқаптарына айтарлықтай зиян келтіріп отыр деген уәж алға тартылуда. Атқарылатын жұмысқа 40-қа жуық маман тартылып, төрт арнайы бригада құрылған. Әр топ үш техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл шаралар Қазақстан экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп үйлестірілуде. 2025 жылы жүргізілген авиациялық бақылау нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы аумағында киік саны 2,3 миллион басқа жеткені анықталған. Мамандардың айтуынша, олардың тек 20 пайызына, яғни шамамен 460 мың басқа дейін ғана атуға рұқсат берілген. Бұл реттеу көрсеткіші ғылыми негізге сүйене отырып бекітілген.
Ауланған киіктердің еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмек. Әкімдік өкілдері бұл еттің қайда және қалай пайдаланылатыны, сондай-ақ санитарлық талаптардың орындалуы мұқият қадағаланатынын айтты.
Алайда бұл шешім қоғамда біраз пікірталас туғызды. Экологтар мен табиғатты қорғаушылар киік санын ату арқылы реттеу тәсіліне қарсы шығып отыр. Олар популяцияны ғылыми зерттеулер мен балама әдістер арқылы бақылау тиімдірек болатынын айтады. Әлеуметтік желіде де бұл тақырып қызу талқылануда – бір тарап шаруалардың мүддесін қорғаса, екінші тарап киікті ұлттық байлық ретінде сақтауды талап етеді.
Мамандардың айтуынша, киік популяциясының бақылаусыз көбеюі ауыл шаруашылығы жерлеріне елеулі зиян келтіріп, экожүйеде теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін. Сондықтан киік санын реттеу жұмыстары қаулыға сәйкес, барлық заңнамалық және экологиялық нормаға сай жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
Еске салайық, Қазақстанда киік ату 2024 жылғы ақпанда тоқтатылған еді.