Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:25

Азаматтық алу емтиханы: тілден – оңай, Конституциядан – қиын

Азаматтығы
Фото: БАҚ

Қазақстан азаматтығын алғысы келетін шетелдіктер үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру жеңілдетіледі.

Өткен жылдың күзінен бері Қазақстан азаматтығына үміткер шетелдіктер қазақ тілі, Конституция және ел тарихы бойынша емтихан тапсыруға міндеттелген болатын. Енді бұл талаптарға өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді бастапқы деңгейде, ҚР Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білу талаптары жөніндегі бұйрыққа өзгерістер енгізу жобасын Ғылым және жоғары білім министрлігі дайындады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл туралы заң жобасын «Ашық НҚА» порталында жариялады. Министрлік бұл өзгеріс «азаматтық алуға үміткерлер үшін әр пән бойынша тест сұрақтарының санын теңестіруге және жалпы шекті деңгейді 10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді» деп түсіндірді.

Құжаттың жаңа жобасында әр пән бойынша минималды шекті баллдарды төмендету ұсынылған:

  • Мемлекеттік тіл – кемінде 15 балл;
  • ҚР Конституциясының негіздері – кемінде 20 балл;
  • Қазақстан тарихы – кемінде 15 балл.

Бұрынғы нұсқадағы шекті балдар:

  • Мемлекеттік тіл – кемінде 36 балл;
  • Конституция – кемінде 9 балл;
  • Тарих бойынша талап өзгеріссіз қалды.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл өзгерістер әр пән бойынша тест сұрақтарының санын теңестіруге және жалпы шекті деңгейді 10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

“Электронды үкімет” ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу құқығы жоқ шетел азаматтары ҚР азаматтығын алу үшін тұрақты тұратын жері бойынша көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшесіне өтініш-хатпен жүгінуі керек. Өтініш-хат Қазақстан Республикасы Президентінің атына жазылады және азаматтық алудың себептері мен уәждері көрсетілуі тиіс.

Жеңілдетілген (тіркеу тәртібімен) азаматтық қабылдау Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдеріне сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі таңда бұл тәртіп мына тұлғаларға қолданылады:

  • Ресей Федерациясының азаматтары;
  • Беларусь Республикасы азаматтары;
  • Қырғыз Республикасы азаматтары;
  • Қазақстан азаматымен некеде тұрған шетел азаматшалары.