Зеленский бұрынғы кеңесшісіне санкция салды

Украина президенті Владимир Зеленский өзінің бұрынғы кеңесшісі Алексей Арестовичке қарсы санкциялар енгізді.
Санкция салынған тұлғалардың тізімі 1 мамыр күні Украина президентінің ресми сайтында жарияланды.
Құжатта барлығы тоғыз адамның аты аталған. Олардың қатарында — Украина президенті кеңсесінің бұрынғы кеңесшісі әрі Зеленскийдің жақын серігі саналатын Алексей Арестович те бар. Санкция тізімінде 17 түрлі шектеу шарасы көрсетілген.
Атап айтқанда, оған активтерін бұғаттау, сауда жүргізуге, бұқаралық ақпарат құралдарын таратуға тыйым салу және мемлекеттік наградалардан айыру шаралары қарастырылған.
Еске салайық, Алексей Арестович 2019 жылы Владимир Зеленский президент болып сайланған сәттен бастап 2023 жылдың қаңтарына дейін президент кеңсесінің кеңесшісі қызметін атқарды. Ол қызметінен Днепр қаласындағы тұрғын үйге зымыран түскені туралы даулы мәлімдемеден кейін кеткен болатын. Сол кезде Арестович зымыран Украина әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесімен атылып, кездейсоқ үйге құлаған болуы мүмкін деп айтқан еді. Кейінірек ол бұл сөзін қателік деп мойындады.