Егер мұнай бағасы тағы 10 долларға арзандаса, Ресей соғысты тоқтатады - Трамп

Дональд Трамп: "Ресей президенті Владимир Путин егер мұнай бағасы 10 долларға төмендесе, Украинадағы соғысты тоқтатып, “адам өлтіруді доғарады”, - деп мәлімдеді.
Бұл туралы ол CNBC арнасына берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, соңғы күндері мұнай бағасы биржада айтарлықтай арзандаған.
Трамптың пікірінше, Ресей экономикасының жағдайы мүшкіл, сондықтан мұнай бағасының төмендеуі Путинге “басқа амал қалдырмайды”.
«Путиннің соғысты жалғастыруға қауқары болмайды. Ол тоқтайды, себебі ел экономикасы өте нашар күйде», - деді Трамп.
Осы ретте ол Үндістанның Ресейден мұнай сатып алуды жалғастырып отырғанына байланысты бұл елге салынатын кедендік баж салығын арттыратынын да айтты.
«Үндістанға ең жоғары тариф белгіленген. Біз 25% деңгейінде келіскен едік, бірақ алдағы 24 сағат ішінде оны айтарлықтай арттырамын. Өйткені олар Ресей мұнайын сатып алып, соғыс машинасын қаржыландырып отыр. Егер олар бұл әрекетін тоқтатпаса, мен бұған көз жұма қарамаймын», - деді Трамп.
Апта басынан бері Brent маркалы мұнайдың бағасы 71–72 доллардан 68 доллардан төмен түсті. Бұған бірнеше фактор әсер етті:
- OПЕК+ ұйымының қыркүйектен бастап мұнай өндіру көлемін арттыру туралы шешімі,
- BP компаниясының Бразилияда соңғы 25 жылда табылған ең ірі мұнай мен газ кен орнын жариялауы,
- Үндістан мен Қытайдың Батыс қысымына қарамастан Ресей мұнайын сатып алуды жалғастыратыны жайлы хабарлар.
Осы жағдайлар мұнай нарығына қысым түсіріп, бағаның төмендеуіне әкелді.
Сонымен қатар Ресейде бензиннің «Премиум-95» (АИ-95) маркасының бағасы екінші күн қатарынан тарихи максимумды жаңартып отыр.
- 4 тамызда бұл жанармайдың тоннасы 77 мың рубльден асып, 2023 жылы тіркелген 76 876 рубльдік рекордты жаңартты.
- 5 тамызда бұл баға 77 967 рубльге жетті.
Бұл өсім Украина қарулы күштерінің 2 тамыз күні Новокуйбышевск пен Рязаньдағы екі ірі мұнай өңдеу зауытына жасаған дрон соққыларынан кейін орын алды.
Трамптың Путинге қойған ультиматумы
14 шілдеде Трамп Ресейге Украинадағы соғысты тоқтату үшін 50 күн мерзім беріп, егер соғыс жалғасатын болса, 100%-дық қосымша санкциялар енгізетінін мәлімдеген еді. Алайда 28 шілдеде ол бұл мерзімді 10–12 күнге дейін қысқартып, Путинге тағы да наразы екенін білдірді. Жаңа мерзім 8 тамызда аяқталады.
Трамптың айтуынша, осы дедлайн алдында, 6 немесе 7 тамызда оның арнайы өкілі Стивен Уиткофф Мәскеуге тағы бір рет барады.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл санкциялық қысымға қатысты:
«Біз санкцияларға белгілі бір иммунитет қалыптастырдық. Ресей экономикасы көп жылдан бері шектеулер жағдайында өмір сүріп келеді», - деп жауап берді.
Reuters агенттігіне сенсек, Путин бұл ультиматумға назар аудармай отыр. Ол өз әскерінің соғыста жеңіске жететініне сенімді және АҚШ-тың жаңа санкциялары Ресей экономикасына елеулі әсер етпейді деп санайды. Сонымен қатар Путин:
«Ресей мен Украина үшін де қолайлы, ұзақ мерзімді, берік бейбітшілік керек. Ол екі елдің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс», - деген пікір білдірген.