Нью-Йоркте жаңа мэр қызметіне кірісті
Нью-Йорк қаласында 2026 жылдың алғашқы минуттарында Зохран Мамдани ресми түрде мэр қызметіне кірісті.
34 жастағы саясаткер салтанатты антты City Hall метро станциясында қабылдады. Қазір бұл станция қалалық көлік желісінде пайдаланылмайды.
Ант беру рәсімі 1 қаңтарға қараған түні, түн ортасынан кейін бірден өтті. Бұл заңды қажеттіліктен гөрі, Нью-Йорктегі қалыптасқан дәстүр. Соған қарамастан, Мамдани осы дәстүрді сақтауды жөн көрген. Рәсім кезінде оның қасында жұбайы Рама Дуваджи болды.
Зохран Мамдани – Угандада дүниеге келген, мұсылман дінін ұстанатын саясаткер. Ол соңғы 100 жылда Нью-Йорк тарихындағы ең жас мэр, сондай-ақ бұл қызметке келген Африка құрлығынан шыққан алғашқы тұлға атанды. БАҚ дерегінше, Мамдани антты Құранға қолын қойып қабылдаған.
2017 жылдан бері ол АҚШ-тағы ең ірі солшыл ұйымдардың бірі – Democratic Socialists of America құрамында. Саяси ұстанымына сәйкес, Мамдани:
бай азаматтарға салынатын салықты арттыруды;
2030 жылға дейін ең төменгі жалақыны сағатына 16,50 доллардан 30 долларға дейін көтеруді;
мектепке дейінгі білімді толықтай тегін етуді;
Нью-Йорк қаласында автобустардағы жолақыны кезең-кезеңімен тегін енгізуді ұсынады.
Оның солшыл көзқарастары қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр. Сыншылар Мамдани саясатын «солшыл Трамп» феноменімен салыстырып, оның популистік риторикасы мен батыл бастамалары қала экономикасы мен бюджеттік тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды.
Айта кетейік, сайлау науқаны кезінде оған қарсы АҚШ президенті Дональд Трамп та ашық түрде сын айтқан. Ол да Трампты сынады.
Соған қарамастан, Мамдани өзін әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктерді кеңейтуді мақсат еткен реформатор ретінде көрсетіп отыр.