Зеленский қол қойған даулы заң Украинада наразылық тудырды

Зеленский қоғамның қызу қарсылығына қарамастан №12414 заң жобасына қол қойды.
Сарапшылар мен белсенділер бұл құжатты «жемқорлыққа қарсы күрес органдарының тәуелсіздігін шектейді» деп бағалап отыр. Заңның басты жаңалығы — жемқорлықпен күресетін негізгі құрылымдар: Ұлттық жемқорлыққа қарсы бюро (НАБУ) мен Мамандандырылған антикорлық прокуратура (САП) енді тікелей Бас прокуратураға бағынышты болады.
Жаңа заңға сәйкес, Бас прокурордың өкілеттігі айтарлықтай кеңейіп отыр. Енді ол:
- САП прокурорының өкілеттігін басқа прокурорларға тапсыра алады;
- кез келген қылмыстық істі өз бақылауына алып, оны басқа прокурорларға беру құқығына ие;
- НАБУ-ға орындалуы міндетті жазбаша нұсқаулар бере алады;
- тергеу істерін НАБУ-дан алып, оларды басқа тергеу органдарына жүктей алады.
Бұл шешім қоғамда үлкен резонанс тудырды. Киев, Львов, Одесса сынды ірі қалаларда жүздеген адам көшеге шығып, заң жобасына наразылық білдірді. Белсенділер мен құқық қорғаушылар Зеленскийден бұл заңға вето қоюды талап етіп, ашық хаттар жолдады. Олар аталған өзгерістер жемқорлықпен күресетін мекемелердің саяси қысымға ұшырауына жол ашуы мүмкін деп алаңдайды.

Еуропалық комиссия да заң жобасына байланысты өз алаңдаушылығын білдіріп, бұл қадам Украинадағы реформалардың артқа шегінуі екенін ескертті. Ал НАБУ мен САП басшылары президентке жолдаған үндеулерінде бұл заң тәуелсіз тергеулер мен қадағалаудың сапасына нұқсан келтіретінін айтты. Олар Зеленскийге ашық үндеу жасап, заңға қол қоймауға шақырды. Олар бұл құжатты жемқорлықпен күрес жүйесін әлсіретіп, әділ тергеу мен сот процестеріне сенімді жоятын қауіпті қадам деп бағалады.
Заң күшіне енген жағдайда, халықаралық серіктестермен арадағы сенімге селкеу түсіп, Украинадағы антикоррупциялық реформаларға теріс әсер етуі мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр. Алайда Зеленский бұл заңның мақсаты — құқық қорғау органдарының арасындағы үйлестіруді күшейту және жемқорлықпен күрес тиімділігін арттыру екенін мәлімдеген.
Даулы заңның нақты салдары алдағы айларда белгілі болмақ. Сарапшылар бұл мәселе Украина мен Батыс елдері арасындағы қатынасқа да әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.