Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 18:00

Алматыда алимент төлемегендердің көліктері тәркіленіп жатыр

Алимент
Фото: БАҚ

Алматы қаласында алимент өндіру шаралары аясында жыл басынан бері 22 автокөлік тәркіленіп, айыптұраққа қойылды. 

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.

Жалпы өндірілген қаражат көлемі 74 миллион теңгеден асты.

"Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 автокөлік айып тұрағына қойылды. Мүлікке шектеу қойылғаннан кейін бес іс бойынша 7 миллион теңгеден астам қарыз толығымен өтелді. Өндірілген қаржының жалпы сомасы 74 млн теңгеден асып отыр", - дейді прокурорлар.

Ведомство өкілдері бір борышкердің 11 миллион теңге (шамамен 20 мың доллар) қарызы жиналып қалғанын атап өтті. Сот шешімімен оған бостандықты шектеу жазасы тағайындалған.

«Қыркүйек айында Алматыда жеке сот орындаушысы алимент өндіру ісін жүргізу барысында борышкерлерден куәгерлердің және полиция қызметкерлерінің көзінше «Mercedes Benz», «Subaru Legacy» және «Toyota» маркалы 4 автокөлікті тәркілеп, айыппұл тұрағына қойды», - деп хабарлады қалалық Әділет департаментінің баспасөз жетекшісі.

Мысалы, алимент төлеуден жалтарып жүрген «Mercedes Benz» маркалы көліктің иесі бұрынғы жұбайы мен балаларына тиесілі 1 миллион 586 мың теңге қарызын төлемей жүрген. Ал тәркіленген басқа үш автокөліктің иелері де бұрынғы әйелдеріне, яғни балаларының асыраушыларына 400 мыңнан 600 мың теңгеге дейін алимент төлеуге міндетті болған.

Алимент өндіруге қатысты жұмыс жалғасуда.

Тегтер: