АҚШ Иран әуе кеңістігін бақылауға алғанын мәлімдеді – Трамп

Дональд Трамп Иранның әуе кеңістігі толықтай АҚШ бақылауында екенін жариялады.
Бұл туралы ол Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.
«Біз Иранның әуе кеңістігін қазір толық бақылаймыз. Иранда өзіне тән әуе қорғаныс жүйелері мен құралдары болғанымен, олардың ешқайсысы біздің технологиямен теңесе алмайды. Мұндай деңгейдегі жүйені АҚШ-тан басқа ешбір ел жасап шығара алмайды», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Трамп Иран билігінен сөзсіз берілу талабын қойып отыр. Оның айтуынша, АҚШ аятолла Әли Хаменеи мен елдің әскери инфрақұрылымы туралы толық ақпаратқа ие.
«Біз ниетіміздің бейбіт екенін түсінеміз, бірақ америкалық сарбаздарға немесе бейбіт тұрғындарға зымыранмен шабуыл жасалса, бұл төзімнің соңғы шегі болады», – деп ескертті АҚШ басшысы.
Бұл мәлімдеме Таяу Шығыстағы ахуалдың одан әрі ушығуына себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ, Трамп Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Бұл туралы бірқатар америкалық басылымдар хабарлады.
Ақ үй басшысы Иранға қатысты саясатын қатаңдатуға ниетті. Reuters агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, АҚШ аймақтағы әскери қуатын күшейтіп, қосымша жойғыш ұшақтарды орналастыра бастаған. Ал Axios басылымының дерегінше, президент Ирандағы стратегиялық маңызы бар ядролық нысандарға, соның ішінде Фордо байыту кешеніне дәл соққы жасауды қарастырып отыр.
Бір сағатқа созылған Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысында дәл осы нысандарға әуе шабуылы жасалуы мүмкін деген мәселе талқыланған. Алайда Трамп әкімшілігі нақты шешім қабылдамағанға ұқсайды.
Бұл мәлімдемелер мен әскери әрекеттер Таяу Шығыстағы ахуалдың жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады.
13 маусым күні Трамп Иранды келісімге келуге шақырған еді.
"Мен Иранға келісім жасауға мүмкіндік бердім. Мен оларға қатты айтқанда "жай ғана осыны істеңдер" дедім, бірақ қанша тырысса да, қаншалықты жақындаса да, олар мұны істей алмады. Бұл олар білгеннен, күткеннен немесе айтқаннан әлдеқайда жаман болатынын ескерттім. АҚШ әлемдегі ең сапалы және өлімге әкеп соқтыратын әскери техниканы шығарады. Оның көбі Израильде – одан да көп болады және олар оны қалай қолдану керек екенін біледі", – деп жазды Дональд Трамп Truth әлеуметтік желісінде.
Ол "кейбір ирандық радикалдар батыл сөйледі, бірақ оларды не күтіп тұрғанын білген жоқ" және "қазір олардың бәрі өлім құшты" деп қосты.
"Ал бұл тек басы! Қазірдің өзінде көп шығын болды. Бірақ бұл қанды қырғынды тоқтатуға әлі уақыт бар, өйткені келесі шабуылдар бұдан да қатты болады", – деп жазды Трамп. Ол Иран тарабы тым кеш болмай тұрғанда келісім жасауы керек деп атап өткен.
Иранның Қызыл жарты ай қоғамының ресми өкілі Моджтаба Халеди Иранның Tasnim мемлекеттік ақпарат агенттігіне Израильдің соққылары нәтижесінде Иранның 12 провинциясында кемінде 95 адам жарақат алғанын мәлімдеді. Бұған дейін Израиль қорғаныс армиясының өкілі бригада генералы Эффи Дефрин Иран соңғы бірнеше сағатта Израильге 100-ден астам ұшқышсыз аппарат ұшырғанын айтты.
Айта кетейік, маусымның 13-іне қараған түні Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) "Өрлеп келе жатқан арыстан" деп аталатын ауқымды операция бастады. Операция аясында әскери-әуе күштері әскери нысандар мен Иранның ядролық бағдарламасы нысандарына соққы жасады. Израиль билігі операция еврей мемлекетіне төнген қауіп-қатердің алдын алу мақсатында жасалғанын айтты, өйткені Израиль әскери және барлау қызметкерлерінің мәліметінше, Иранның қысқа уақыт ішінде ядролық қару жасауға жақындаған.