“Мұсылмансың ба?”: Үндістаннан келген туристке Қазақстанда құрметсіздік көрсетілді

X әлеуметтік желісінде үнділік тревел-блогер Passenger Paramvir түсірген бейнежазба тарады.
Онда блогер досымен бірге Қазақстанда жүрген сәті бейнеленген. Жергілікті тұрғын олардың жанына келіп, досынан: “Мұсылмансың ба?” деп сұрайды. Досы: “Жоқ, мен индуиспін”, - деп жауап берген. Осыдан кейін әлгі ер адам үнді жігітінің кадасына (болат білезік) және калавасына (қызыл жіп) қарап күледі де, ұятты қимыл жасайды.
Мүмкін, бұл адам үнділіктер үшін када мен калава крест немесе таспих секілді қасиетті белгі екенін білмеген шығар. Бірақ білмеу – жауапкершіліктен құтқаратын себеп емес. Өзге дінге күлуді, мазақ қылуды ақтауға болмайды.

Жарияланған видеодан кейін әлеуметтік желіде ашулы пікірлер қарша жауды: “Қазақстанды бойкоттайық”, “Мұсылман елдеріне бармаңдар”, “Үнділердің онда не шаруасы бар?”, “Қазақстан радикалды елге айналған” деген пікірлер жазылды.
Бір ғана дөрекілік халықаралық дау тудырды. Әлем Қазақстанды осы оқиға арқылы таныды.
Қазақстан — түрлі дін мен ұлттың бейбіт өмір сүретін ел екенін мақтан тұтады. Біздің міндетіміз — өзгенің сеніміне күлмей, адамгершілік пен құрметті көрсетіп, соны үлгі ету.
Айта кетейік, Үндістан – Қазақстанның маңызды серіктесі. 2024 жылы елімізге 67 мыңнан астам үндістандық турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп.