Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:24

«Жарысқа 500 мың теңге несиемен бардық»: Дәулет Тұрлыханов басқаратын федерацияның бапкері шындықты айтты

Федерация
Фото: БАҚ

Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионатына қатысқан грек-рим күресі құрамасы қаржы тапшылығына байланысты қиындықтарға тап болған. 

Бұл туралы U20 құрамасының жаттықтырушысы Айдын Сәрсекеев айтты.

Бапкердің айтуынша, Олимпиадалық даярлау орталығы жарыс шығындарын толық өтеуге қауқарсыз болған. Тіпті, ұйым бір спортшыны тізімнен алып тастауды ұсынған. Алайда бапкер мұндай шешімге көнбей, өзінің жарысқа баруына бөлінген ақшаны сол спортшыға беріп, ал өзі 500 мың теңге несие алған.

«Маған толық құраммен бармай, бір балуанды алып тастауды өтінді. Өйткені, барлығының шығынын көтеруге орталықтың қаражаты жетпейді екен. Бірақ бәрі жарысқа бара жатқанда, бір балуанды көзін жәутеңдетіп тастап кеткім келмеді. Бапкер ретінде маған бөлінген қаражатты спортшыға беріп, команданың жарысқа толық құрамда барғанын қаладым. Ал өзім банктен 500 мың теңге кредит алдым. Жол шығыны, жатын орын мен тамаққа барлығы 480 мың теңге кетті. Келген соң осы шығынның бәрін ұйымға көрсетіп, есеп бердім. Олар бұл қаражатты қайтарып беруге уәде етті», - дейді Сәрсекеев.

Бірақ бұл жалғыз мәселе емес. Жаттықтырушының айтуынша, Азия чемпионатына қатысқан құрама спорттық формасыз барған. Балалар марапаттау рәсіміне бір-бірінің формасын киіп шығуға мәжбүр болған.

«Форма берілмеді. Тамыз айындағы әлем біріншілігіне дейін дайын болады деп жатыр. Бірақ Азия чемпионатына формасыз, әркімнің өзінде бар киіммен бардық. Былайша айтқанда, алапес болып жүрдік», - дейді Айдын Сәрсекеев.

Ал орталық басшысының орынбасары Әділет Құсманов болған оқиғаға түсініктеме беріп, келеңсіздіктің себебін түсіндірді.

«Күрес түрлерінен Бішкекте өткен Азия чемпионатына команда формасыз барды. Оның себебі жоқ емес. Бұған дейін түрлі жас деңгейіндегі командаларға форма тігуді бір ұйым қолға алуы тиіс еді. Бірақ бұл іс аяқсыз қалды да, біз форманы қайтадан өз қолымызға алдық. Азия чемпионатына дейін форма тігіп үлгермедік, енді тамызда өтетін әлем чемпионатына форма дайын болады. Вьетнамда өткен U17, U23 Азия біріншілігіне форма берілді. Басшымыз сол форма жайлы айтқан шығар. Ал Айдын Сәрсекеевке келетін болсақ, онымен бұл жағдай келісілді. Біз спортшыларды қысқартуды сұрадық, ол өз орнын балуанға беріп, өз еркімен несие алды. Барлық спортшыны қаржыландыруға бюджет қаражаты жеткіліксіз», - деді Құсманов.

Бапкердің жарысқа бару үшін несие алуы — қалыпты жағдай емес. Ал спортшылардың формасыз жүруі — Қазақстанның халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні сөзсіз.

Тегтер: