Ким Чен Ын Украинада қаза тапқан КХДР сарбаздарының рухына тағзым етті

1 шілде күні Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысқан және қаза тапқан КХДР сарбаздарының рухына тағзым етті.
Мемлекеттік телеарна жариялаған кадрларда Ким Чен Ын Пхеньянда өткен ресми рәсім кезінде сарбаз табытына Солтүстік Корея туын қойып тұрғаны көрсетілген. Жанында Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимова болды.
Бұл рәсім маусымның 29-ы, жексенбі күні, Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы «жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы» келісімге қол қойылған күннің жылдығына орай өткізілген. Аталған келісім өзара қорғаныс саласында көмектесуді де қарастырады.

Солтүстік Корея — Ресейдің Украинаға қарсы соғысындағы маңызды одақтасы. Биыл сәуірде Пхеньян өз сарбаздарын және қару-жарақтарын Ресейге жібергенін ресми түрде растаған болатын. Ресейдің Украинамен шекаралас орналасқан Курск облысында КХДР бөлімшелері ресейлік армиямен бірге Украина күштеріне қарсы соғысқан.
Оңтүстік Кореяның мәліметінше, бұл қақтығыстарда шамамен 600-ге жуық солтүстіккореялық сарбаз қаза тауып, мыңдағаны жараланған. Бірақ бүгін, 1 шілде күні Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігі қазіргі таңда Солтүстік Корея тарапынан қосымша мобилизацияға дайындық белгілері байқалмайтынын хабарлады.
Бұл жағдай Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы әскери байланыстың тереңдей түскенін көрсетеді және бұл халықаралық қауымдастық тарапынан алаңдаушылық тудырып отыр. Көптеген елдер бұл әріптестікті аймақтық қауіпсіздікке қауіп ретінде бағалап отыр.