“Тоқаевтың атын жамылған депутатқа алдандық”: әйел әлеуметтік желіде видеоүндеу жасады

Әлеуметтік желіде бір әйел Талдықорғандағы Жетісу аудандық мәслихатының депутаты Жарылқасын Болатұлына алданғанын айтып, видеоүндеу жариялады.
Оның сөзінше, ол аталған депутаттан коммерциялық нысан сатып алып, 130 млн теңгені банк арқылы толық аударған. Бірақ ғимарат атына тіркелмей, керісінше басқа адамдардың иелігіне өтіп кеткен.
«Бұл кісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын жамылып, бізді алдап кетті. Ақшасын төледім, бірақ нысан атыма аударылмады. Қазір құжаттарым бар, алайда ғимаратта басқа адамдар жөндеу жүргізіп жатыр. Депутат өз лауазымын пайдаланып, бізді басынып отыр», - дейді жәбірленуші.
Айтуынша, Болатұлына алданып қалғандар аз емес. Кейбірі 10 млн теңге жоғалтса, өзі 130 млн теңгесінен айырылған. Бірақ депутат болғандықтан, көпшілік арыздануға қорқып отырған көрінеді.
«Менің қасымда тағы бір әйел бар, ол 10 миллион теңгеге алданып отыр. Ал мен 130 млн теңгеге алданып отырмын.Қаншама халықты алдаған адам депутат болуға лайық емес. Мен жылдар бойы жинаған ақшамды салып, кәсібімді дөңгелетемін деген кезде, әп-сәтте ақшамды алып, үйді бермей отыр. Қазір бала-шағаммен далада жүрмін. Тіпті қақпасынан да кіргізбейді, бірақ бұл үйдің түпнұсқа құжаттары менің қолымда тұр. Депутаттығын пайдаланып, бізді осылай басынып отыр», - деді әйел.
Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалған.