Израиль Ираннан қауіп төнсе, тағы да соққы жасауға дайын

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеме жасап, елдің Иранға соққы жасауға дайын екенін айтты.
«Жасырынатын жер жоқ», - деді министр.
Министр бұл мәлімдемесін Израиль әскери-әуе күштерінің ұшқыштар мектебінің түлектері алдында сөйлеген сөзінде айтты.
— Бұл бітіруші салтанат Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи диктаторға арналған ашық ескерту. Израильдің ұзын қолы сізге Тегеранда да, Тебризде де, Исфаханда да, қай жерден қауіп төндірсеңіз де жетеді, - деді Исраэль Кац.
Ол сонымен қатар егер Тель-Авив Иранға қарсы жаңа соққы жасау туралы шешім қабылдайтын болса, бұл бұрынғыдан да қуатты болады деп ескертті.
Бұл мәлімдеме АҚШ-тың араағайындығымен жасалған бітімнен кейін екі апта өткен соң айтылды. Бұған дейін, маусым айында, Израиль Иранның ядролық нысандарына қарсы 12 күнге созылған әуе шабуылдарын жүргізген еді.
Израиль тарапы Тегеран ядролық қару жасап жатыр деп қауіптенеді. Ал Иран бұл айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.
Бұл туралы Axios басылымы екі сенімді дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен АҚШ президенті Дональд Трамптың алдағы кездесуінде Иранның ядролық бағдарламасының болашағы негізгі тақырыптардың бірі болады. Израиль шенеуніктерінің пікірінше, Трамп ядролық қауіп туындаған жағдайда Израильдің соққы жасау шешімін қолдар еді.
Израиль тарапының айтуынша, Трамп Иранға қарсы жаңа соққыны екі жағдайда құптар еді:
- Иран жоғары байытылған уранды ядролық нысандардан тыс жерге шығаруға әрекеттенсе;
- Ядролық бағдарламаны қайта іске қосса.
Нетаньяху Трамппен кездесу кезінде АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келіссөздерге қатысты ортақ ұстанымға келуді, сондай-ақ Тегеранның әрекеттеріне жауап ретінде қандай сценарийде әскери күш қолдану орынды болатынын нақтылауды көздейді.