Экс-депутат Amanat партиясынан шығарылғанына байланысты сотқа жүгінді

Тараз қаласында сот Жамбыл облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Дамир Ташқараевтың Amanat партиясының филиалына қарсы талап-арызын қанағаттандырмады.
Ташқараев өзін партиядан шығару заңсыз деп тауып, партия қатарындағы мүшелігін және депутаттық өкілеттігін қайта қалпына келтіруді сұраған. Тараз қалалық сотының хабарлауынша, Ташқараев 2023 жылдың көктемінде Amanat партиясынан Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болған. Алайда 2025 жылдың наурызында партия жарғысын сақтамағаны үшін қатардан шығарылған.
Талапкердің өкілі Ташқараевтың партия мүшесі ретінде ешқандай міндеттемені бұзбағанын, оған ешқандай ескерту, хабарлама не ресми шешім ұсынылмағанын айтқан. Ал жауапкерлердің өкілдері Ташқараевты партия қатарынан шығару заңды әрі негізді екенін, барлық процедуралардың сақталып орындалғанын айтып, соттан талап-арызды қанағаттандырмауды сұраған.
Соттың баспасөз релизінде Ташқараевтың партияның беделіне нұқсан келтіретін және бекітілген сайлауалды бағдарламаның орындалуына кедергі келтіретін әрекеттерге бірнеше рет жол бергені айтылған. Сот нәтижесінде экс-депутаттың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Дамир Ташқараев пен Amanat партиясы арасында қандай дау туды?
Бұл туралы бұған дейін Ташқараевтың өзі пікір білдіріп, оны облыс әкімі сөз сөйлеп жатқанда сөзін бөліп жібергені үшін партиядан шығарғанын айтқан. Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев партия филиалының төрағасы Дәуіл Бейсенқұловқа арнайы хат жолдап, Ташқараевқа қатысты шара қабылдауды сұраған.
Мәселенің түбі — Ташқараев Шайқорық ауылында салынуы тиіс «Комфортты мектеп» құрылысын талқылау үшін қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырған. Жергілікті тұрғындарды жинап, бұл мектептің саябақ аумағына салынуына мәслихат сессиясында қарсы шыққан. Бірақ заңға қайшы не істегені түсініксіз.
Мәслихаттан хат алған соң, партияның облыстық филиалы жедел түрде 6 адамнан құралған саяси бюро кеңесін шақырып (негізінде 9 адам болу керек еді), Ташқараевты партия қатарынан шығарып тастаған. Айта кету керек, Абдалы Нұралиев — сол саяси бюроның мүшесі және өз хаты қаралған отырысқа да қатысқан.
Тараз қалалық сотында бұл іске қатысты алғашқы сот отырысы өтті.
– Бәрі 19 наурыздағы мәслихат сессиясында басталды. Облыс әкімі күн тәртібіне мүлдем қатысы жоқ тақырыпта ұзақ сөйлеп кетті. Оның баяндамасы күн тәртібінде де жоқ болатын. Уақытты алып жатқанына байланысты мен нақты мәселелерге көшуді сұрадым. Артынша мәслихаттан келген хат негізінде, дауыс беру арқылы мені партиядан шығарды. Бірақ бұл шешімді негіздейтін ешқандай дәлелдер көрсетілген жоқ, - дейді Ташқараев.
Оны қолдап, қоғам қайраткері, ақын әрі жазушы Мұхтар Шаханов та пікір білдірді.
– Мен Дамирді көптен білемін. Ол – ұлттық сана-сезімі биік, ұстанымы берік, адал қазақ жігіттерінің бірі. Мен оны әрдайым шыншыл әрі принципшіл азамат ретінде бағалағанмын. Қазіргі қоғамда мұндай жігіттер өте сирек. Сондықтан мен оны қолдаймын және табыс тілеймін! - деді Шаханов.
Дамир Ташқараев партия саяси бюросының шешіміне шағымданып, мәслихаттағы мандатын қайтармақ ниетте.