Ресей мұнай табысынан айырылып, экономикалық тығырыққа тіреліп жатыр

Ресейге салынған санкциялар мен мұнай нарығындағы күрделі жағдай ел экономикасына ауыр соққы болып тиді.
2025 жылдың маусым айында Ресейдің мұнай-газ секторынан түсетін кірісі үштен бірге қысқарып, небәрі 494,8 млрд рубльді құрады. Бұл — соңғы жарты жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Бұған дейін азайған табыстың қайта өсуі байқалса, биыл мұндай оң үрдіс жоқ.
Мұнай бағасының төмендеуі тек Ресейге ғана тән емес – бұл жаһандық үрдіс. Соғыс, санкциялар және нарықтағы артық ұсыныс салдарынан қара алтын құнсызданып жатыр. Таяу Шығыстағы қақтығыстар да мұнай бағасын ұстап тұруға қауқарсыз болып отыр. Мұнай өндірісі сұраныстан жылдамырақ өсіп келеді: халықаралық энергетикалық агенттіктің болжауынша, 2025 жылы күн сайынғы мұнай ұсынысы 1,8 млн баррельге артады, ал сұраныс тек 720 мың баррельге ғана көбеймек.
ОПЕК+ ұйымы өндірісті шектеу арқылы бағаны ұстап қалуға тырысқанымен, бұл қадам нарықтағы үлесті АҚШ пен өзге өндірушілерге беріп қойды. Енді олар, керісінше, өндірісті ұлғайтып, өз ықпалын күшейтіп отыр.
Ресей бюджетіндегі Brent маркалы мұнайдың бастапқы болжамы 2025 жылға 81,7 доллар болған. Кейін бұл көрсеткіш 68 долларға дейін қайта қаралды. Алайда сарапшылар мұндай межеге жетудің өзі екіталай екенін айтады: Reuters сауалнамасына сәйкес, Brent-тің орташа бағасы 65 доллар шамасында болады деген болжам бар.
Экономист Сергей Алексашенконың айтуынша, қазіргі баға жағдайында Ресей үкіметі тек 8,3 трлн рубльдік қысқартылған бюджетті орындай алады. Бұл бастапқы жоспармен салыстырғанда шамамен 2 трлн рубльге аз. Алайда шығын көлемі керісінше 800 млрд рубльге артқан, соның нәтижесінде бюджет тапшылығы 3,8 трлн рубльге жетіп, елдің ЖІӨ-нің 1,7%-ын құрауы мүмкін.
Финляндия Банкі жанындағы BOFIT сарапшылары Ресей әлі толық дағдарысқа ұшырады деп айтуға ерте екенін айтады. Бірақ Ұлттық әл-ауқат қорындағы (ФНБ) резервтер біртіндеп сарқылып келе жатқанын ескертеді. Қазір еркін қаржы көлемі 2,8 трлн рубль, бұл тапшылықты жабуға жеткіліксіз. Маусымда қор 1,3 трлн рубльге толыққанымен, бұл былтырғы қосымша табыстың нәтижесі ғана – ұзақмерзімді тұрақтылыққа кепіл емес. Мұнай бағасының күрт төмендеуі немесе санкциялардың күшеюі – Ресей экономикасы үшін өте қауіпті сценарий.
2026 жылдан бастап Ресейдің Қаржы министрлігі ФНБ-ны толтыру ережесін өзгерту туралы ұсыныс жасап отыр. Қазіргі жүйе бойынша, мұнай бағасы 60 доллардан асқанда ғана “артық табыс” қорда жиналады. Жаңа ұсыныс бұл шекті 50 долларға дейін төмендетуді көздейді.
Альфа-Банк сарапшысы Наталья Орлова бұл өзгеріс бюджет шығынын 1,5–1,6 трлн рубльге қысқартуды талап ететінін айтады. Соғыс жалғаса берсе, оның құны да арта береді – бұл жағдайда азаматтық салалардағы шығындарды азайтпай болмайды.