Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:25, 20 Маусым 2025

Тағайындалғанына бір ай толмаған Көкшетау әкімінің 26 жастағы кеңесшісі қызметінен кетті

Көкшетау
Фото: zhasalash.kz

Көкшетау қаласы әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Айым Тұрапекова қызметке келгеніне бір ай да толмай жатып, отставкаға өтініш берді.

Қала әкімдігі оның өз еркімен жұмыстан кеткенін ресми түрде растады. Осылайша, әкім аппаратының баспасөз қызметіндегі кеңесші лауазымы қайтадан бос қалды.

Айта кетейік, 26 жастағы Айым Тұрапекова маусым айының басында ғана бұл лауазымға тағайындалған еді.

Алайда жаңа кеңесшінің өмірбаяны әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.

Ашық дереккөздерде жарияланған өмірбаянына сүйенсек, Айым Тұрапекова 1999 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. 2019 жылы Халықаралық бизнес университетін “экономика және құқық” мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда оның еңбек жолы туралы көрсетілген дерек көпшіліктің күмәнін тудырды. Атап айтқанда, өмірбаянында Айымның кәсіби қызметін 2015 жылы, яғни 16 жасында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңсесінде тағылымдамадан өтуші ретінде бастағаны жазылған.

Бұл ақпарат желі қолданушыларының үлкен сұрақтарын туғызды: “16 жастағы оқушы Премьер-министр кеңсесіне қалай қабылданған?”, “Бұл – әдеттегі жас маманның жолы ма, әлде тамыр-таныстықтың көрінісі ме?”.

Кейін бұл өмірбаянға өзгеріс енгізіліп, тағылымдама мерзімі 2019 жылға ауыстырылды. Алайда мұнымен дау-дамай тоқтаған жоқ. Себебі Премьер-министрдің баспасөз қызметі Тұрапекованың бұл құрылымда мүлде жұмыс істемегенін және тағылымдамадан өтпегенін ресми түрде мәлімдеді.

Тегтер: