Тағы бір Қоспаев — Назарбаевтың «оң қолының» ағасына үкім шықты

Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот Айбек Қоспаевқа үкім шығарды.
Ол — Елдос Коспаевтың туған бауыры.
Судья Саят Ташимбаевтың үкімі бойынша, Айбек Қоспаев Қылмыстық кодекстің жеті бабы бойынша кінәлі деп танылды. Олардың қатарында рейдерлік, ақшаны заңдастыру, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және бопсалау баптары бар.
Сот шешімімен Айбек 12 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ оған 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде өтейтін болады.
Айбек Қоспаев сотта өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол Елдос пен Айдос Қоспаевтармен бірге қылмыстық топ құрғанын жоққа шығарды. Оның адвокаты Аманжол Мұхамедияров сот процесіне Болат Назарбаевтың ұрпақтары да қатысуы керек деген мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, Коспаевтар әулеті атышулы рейдерлік істермен, көлеңкелі бизнесті басқарумен және ірі көлемдегі бопсалаумен байланысты бірнеше қылмыстық эпизодтарға қатысты аталған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызып отыр.