Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 28 Мамыр 2025

Апелляциялық сот Темірлан Еңсебекке қатысты үкімді күшінде қалдырды

Еңсебек
Фото: ашық дереккөз

Сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты апелляциялық сот отырысы өтті. 

27 мамырда өткен сот отырысы онлайн форматта өткізілді. Адвокат Жанар Балғабаева бұл процесті офлайн түрде өткізу туралы өтініш білдірген.

– Онлайн режимде пандемия кезінде өтті. Қазір оған ешқандай негіз жоқ. Менің қорғауымдағы Темірлан Еңсебек сотқа офлайн қатысқысы келеді, - деді адвокат.

Прокурор істі онлайн қарауға заңдық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ екенін айтып, офлайн өткізуге негіз көрмейтінін мәлімдеді. Сот алқасы адвокаттың өтінішін қабылдамай, кері қайтарды. Сонымен қатар прокурор Темірлан Еңсебекке шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды және оған бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрады. Прокурордың айтуынша, Еңсебектің кінәсі толық дәлелденген.

– Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының үкіміне қосымша ретінде Темірлан Еңсебек Маратұлына қылмыстық кодекстің 50-бабының 3-тармағына сәйкес, бес жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраймын. Үкімнің өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын, - деді прокурор.

Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспейтінін айтты. Ол «мені қудалаудың саяси астары бар» деді.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ал прокурордың өтінішхатын қуаттады. Сот алқасы Наурызбай аудандық сотының үкімі заңды. Іс жан-жақты қаралған. Адвокаттың шағымы негізсіз деді.

Еске салайық, Темірлан Еңсебектің үстінен «араздықты қоздыру» бабы бойынша қозғалған іске Qaznews24 паблигінде жарияланған пост себеп болған. Онда автор «Йоу, орыстар» деген әнді пайдаланған. Дөрекі сөздер бар даулы ән әлеуметтік желіде әр жерде жарияланып жүргеніне бір жылдан асқан, бұрын Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған. Бұл ән ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда «орыс тілі кемсіту көріп жатқаны» жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде шыққан.