Әзербайжан орыс мектептерін жабуға дайындалып жатыр ма?

Әзербайжанда орыс тілінде білім беретін мектептерді кезең-кезеңімен жабу жоспары қолға алынбақ.
Бұл жөнінде алғашқы бейресми ақпараттар ата-аналарға WhatsApp мессенджері арқылы тараған.
Oxu.Az порталының мәліметінше, алдағы үш жыл ішінде елдегі барлық орыс мектептері біртіндеп әзербайжан тіліне көшіріледі. Жаңа реформа елде бірыңғай тілдік орта қалыптастыру және мемлекеттік тіл – әзербайжан тілінің рөлін күшейту мақсатында жүзеге асырылмақ.
Бейресми мәліметтерге қарағанда, орыс тілінде сабақ беріп жүрген мұғалімдер үшін арнайы қайта даярлау курстары ұйымдастырылады. Мұғалімдер болашақта әзербайжан тілінде білім беру жүйесіне бейімделуге тиіс болады. Алайда әзірге бұл реформа туралы Әзербайжанның Ғылым және білім министрлігі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан қоғамда түрлі пікір туындап отыр. Бір тарап бұл өзгерісті ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы дұрыс қадам деп бағаласа, енді бір топ ата-ана мен сарапшылар елде орыстілді білімге деген сұраныстың жоғары екенін, мектептерді жаппай жабу түрлі әлеуметтік кері әсерге әкелуі мүмкін екенін ескертуде.
Mektebgushesi басылымының хабарлауынша, Әзербайжанда 340 орыс тілді мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 16 мектепте білім тек орыс тілінде беріледі, қалғандарында әзербайжан және орыс тілдерінде қатар оқытылады. Сарапшылардың бағалауынша, бұл мектептерде 150–160 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Орыс тілді мектептердің басым бөлігі ел астанасы Баку қаласында орналасқан. Ал кейбір өңірлерде мұндай мектептер мүлде жоқ.
Еске салайық, әзербайжан мектептерінің біразында орыс бөлімдері жұмыс істейді. Ондаған жылдар бойы орыс тілінде білім алған оқушылар мен ата-аналар бұл жүйенің артықшылығы ретінде көптілділікті, Ресей ЖОО-ларына түсу мүмкіндігін және халықаралық интеграцияны атап келеді. Дегенмен, соңғы жылдары Әзербайжанда мемлекеттік тілді күшейтуге бағытталған реформалар жиілеп келеді.