Ресей балалары мектепке бармайтын мигранттарды елден шығармақ

Ресей президенті жанындағы Азаматтық қоғамды және адам құқықтарын дамыту жөніндегі кеңестің төрағасы Валерий Фадеев еңбек мигранттарының отбасыларында балаларға білім берілмей жатқанын мәлімдеді.
Ол 25 маусым күні СПЧ баспасөз қызметінің Telegram-арнасында жарияланған үндеуінде ресейлік мектептерге бармайтын еңбек мигранттарының отбасыларын елден шығаруды ұсынды.
Шенеуніктің айтуынша, Ресей ІІМ ел аумағында 785 593 кәмелетке толмаған шетелдік азаматтың тұратынын тіркеген, алайда олардың тек 192 254-і ғана ресейлік оқу орындарында білім алып жатыр. Фадеевтің айтуынша, бұл статистикаға мектепке дейінгі жастағы балалар да кіреді. Соған қарамастан, ол қалған шетелдік балалардың кемінде 300 мыңға жуығы мектепке баруы тиіс деп есептейді.
СПЧ төрағасы Ресей Конституциясының 43-бабына және Отбасы кодексінің 63-бабына сілтеме жасап, РФ аумағында тұратын ата-аналар балаларын жалпы біліммен қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.
"Мұндай талаптар Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанда да бар. Алайда бұл елдерден келетін мигранттар өз баласын мектепке беруді қажет деп санамайды", - дейді Фадеев.
Оның пікірінше, бұл – Ресейде жүрген жүздеген мың баланың құқығының бұзылуы.
"Егер шетелдік азаматтар барған елдің заңдарын сақтауға ниетті болмаса – еліне қайтсын. Балаларының білім алу құқығын сол елдің өзі қамтамасыз етсін", – деді ол.
Айта кетейік, Фадеев балалары мектепке бармайтын мигранттарды елден шығаруға шақыра отырып, тек Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарын атаған. Алайда оның келтірген ІІМ деректеріне Ресейдегі барлық шетелдік кәмелетке толмаған балалар кіреді.
Сонымен қатар ата-аналар балаларын біліммен қамтамасыз етуге міндетті болғанымен, оларды міндетті түрде мектепке беруге мәжбүрлейтін нақты заң жоқ.
Мәселен, Фадеев сілтеме жасаған РФ Отбасы кодексінің 63-бабында ата-аналардың балалардың жалпы білім алуының формасын өздері таңдауға құқылы екені көрсетілген. Ресей заңнамасына сәйкес, бұл формаға отбасылық және өздігінен білім алу да кіреді. Мұндай жолды таңдаған жағдайда бала тек мемлекеттік аттестация тапсырып, білім деңгейін растаса жеткілікті.