Түркістан облысында 4 млрд теңге жымқырғаны үшін білім бөліміне қарасты 46 қызметкер сотталды

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша айыпталған 46 адамға үкім шықты.
«Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты 46 қызметкерге қатысты сеніп тапсырылған мүлікті иемдену фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды», - делінген ресми хабарламада.
Атап айтқанда, бөлім басшысы М.-ға ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену) бойынша айып тағылды. Ал Ш. есімді басқа бөлім басшысына аталған баппен қатар, ҚР ҚК 28-бабының 4-бөлігі және 367-бабының 4-бөлігі (аса ірі көлемде пара беруге итермелеу) бойынша айып тағылған. Бухгалтер Ш. болса, жоғарыдағы баптан бөлек, ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру) бойынша жауапкершілікке тартылды.
Қалған 43 мектеп бухгалтері де сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде жымқырды деген айыппен жауапқа тартылды.
Сот тергеуі барысында 2021–2023 жылдар аралығында Жетісай аудандық білім бөлімінің басшылары мен 44 бухгалтер алдын ала сөз байласу арқылы жалған қызметкерлердің атына жалақы тағайындап, оны таныстары мен туыстарының шотына заңсыз аударып отырғаны анықталды. Бұл әрекеттері арқылы мемлекетке келтірілген залал 4 млрд теңгеден асқан.
Соттың шешімімен Ш. 9 жылға, М. 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда, Ш.-ға қатысты жаза ҚР ҚК 74-бабы негізінде бес жылға кейінге шегерілді (кіші жастағы балалары болғандықтан).
Тағы екі айыпталушының іс-әрекеті ҚР ҚК 371-бабының 1-бөлігіне (салақтық) қайта сараланып, олар бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Қалған 34 айыпталушыға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олардың ішінде:
- 4 адамға (кіші жастағы балаларына байланысты) жаза 5 жылға кейінге шегерілді;
- 18 адам шартты түрде сотталды;
- 12 адам нақты мерзімге түрмеге қамалды.
Сондай-ақ, 8 адамға ҚР ҚК 189-бабының 2-бөлігі 1-тармағы және 3-бөлігі 1-тармағы бойынша 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Мемлекетке келген залалды өтеу мәселесі азаматтық сот тәртібімен шешілетін болады.