Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:10

Киселев Әзербайжан билігін ресейлік журналистерді босатуға шақырды

Киселев
Фото: zhasalash.kz

«Россия сегодня» медиатобының бас директоры Дмитрий Киселев ресейлік журналистер Игорь Картавых пен Евгений Белоусовтың Әзербайжанда ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады. 

Оның айтуынша, екі азаматқа тағылған айып негізсіз, ал олардың қамауда отырғанына бір ай болған.

Киселев өз сөзінде агенттік, соның ішінде Sputnik редакциясы орналасқан елдермен достық және одақтастық қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым ұмтылатынын атап өтті. Ол бұл жағдай Ресей мен Әзербайжан арасындағы байланысқа теріс әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

«Бүгін біздің әріптестеріміз, Ресей азаматтары Игорь Картавых пен Евгений Белоусовтың негізсіз айыптаулармен Әзербайжанның тергеу изоляторында отырғанына тура бір ай болды. Агенттігіміздің, соның ішінде Sputnik бөлімшесінің редакциялық саясаты біз отырған елдермен қашанда достық және одақтастық байланыстарды күшейтуге бағытталған. Осыны тағы бір рет ерекше атап өткім келеді. Ал журналистердің жұмысына объективті шағым болмаған жағдайда осы қадамға саналы түрде барғандар оның Ресей мен Әзербайжан арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастардың шиеленісіп кетуіне әкеліп соқтыратынын жақсы білді.

Қазір Игорь Картавых пен Евгений Белоусовты тыныш қана босатып, екі елдің қарым-қатынасын қалпына келтіру жолында елеулі қадам жасауға болады деп ойлаймын. Ондай қадамдар екі жақтан да қажет деген пікірмен де келісемін», - дейді Киселев.

Айта кетейік, аталған ұсталу оқиғалары 30 маусым күні болған. Sputnik Әзербайжан редакциясында тінту жүргізіліп, агенттік директоры Игорь Картавых пен бас редактор Евгений Белоусов қамауға алынған. Оларға алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен келген мүлікті заңдастыру баптары бойынша айып тағылған. Әзербайжандық ақпарат құралдары екі азаматты ФСБ агенттері деп атап, олардың елде жасырынып жұмыс істегенін жазды.

Бұған қоса, ақпан айында Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі ел аумағында Sputnik агенттігінің қызметін тоқтатуды көздеп отырғанын жариялаған болатын. Алайда сол кезде агенттік редакциясы Әзербайжанда олардың жұмысына ресми түрде тыйым салынбағанын мәлімдеді. Осы аралықта Әзербайжан мен Ресей сыртқы істер министрліктерінің жұмыс топтары арасында туындаған келіспеушіліктерді шешу үшін келіссөздер жүргізілді.

Сондай-ақ, Әзербайжан астанасында құқық қорғау органдары ұстаған ресейлік "Sputnik" ақпарат агенттігінің Әзербайжан филиалының бес қызметкері елден шықпау туралы қолхат беріп, бейсенбі күні қамаудан босап шықты. Бұл шешім тек Әзербайжан азаматтығына ие агенттік қызметкерлеріне қатысты қабылданған. Ал екі күн бұрын ұсталған филиалдың атқарушы директоры Игорь Картавых пен бас редактор Евгений Белоусов әлі де қамауда отыр.

“Sputnik Әзербайжан” агенттігі қызметкерлерінің тұтқындалуы Мәскеу мен Баку арасындағы дипломатиялық шиеленістің бір бөлігіне айналды. Бұл дау Ресейдің Екатеринбург қаласында құқық қорғау органдары әзербайжан диаспорасының өкілдерін адам өлтіру ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстағаннан кейін ушыққан. Ұсталғандардың екеуі сол оқиға барысында қаза тапқан. Бұған жауап ретінде Әзербайжан билігі ел аумағында жүрген Ресей азаматтарын ұстай бастады. 1 шілде күні "Sputnik Әзербайжан" қызметкерлерінің үйлерінде тінту жүргізіліп, 7 адам тұтқындалды.