Сәтпаев қаласында депутат Молдашев 78,5 миллион теңгеге сериал түсіріп жатыр

Өңір әкімдігінің хабарлауынша, 10 бөлімнен тұратын телехикая “Не керек” деп аталады.
Қазірге дейін алғашқы үш бөлімі дайын болып, соның екеуі YouTube платформасына жүктелген. Жақын уақытта туынды “Ulytau” және “Aqsham” телеарналарына ұсынылмақ. Келісім тікелей бір көзден жасалған, орындаушы – "ErNar-Media" ЖШС.
Аталған жобаның продюсері – облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Молдашев екені анықталды. Әкімдіктің мәліметінше, қаржының басым бөлігі кәсіби актерлердің қаламақысы мен кинотүсірілімге қажетті жабдықтарды жалға алуға жұмсалған. Жалпы алғанда сериал түсіріліміне кемі 30, ең көбі 50 актер қатысуға тиіс.
Жобаның техникалық сипаттамасында тапсырыс беруші сериалдың тақырыбын жемқорлық, алаяқтық және отбасылық құндылықтарды «насихаттау» деп көрсеткен. Алайда шын мәнінде, әкімдік бұл арқылы жемқорлық пен алаяқтықты дәріптеуді емес, керісінше, оларға қарсы күресуді және отбасылық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткені түсінікті.
Келісімшарт талаптарына сай, сериалдың барлық тақырыбы, сюжеті мен сценарийі әкімдікпен толық келісіліп, мақұлдануы тиіс. Жоба аяқталған соң орындаушы шығармашылық есеп тапсырып, телехикаяның таралуы жайлы БАҚ пен блогерлер жариялаған материалдарды жинап өткізуі қажет.
"Сатып алу не себепті дәл осы компаниямен тікелей жасалғаны да көрсетілген. Әкімдік мұны "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның 16-бабының 3-тармағымен түсіндіреді. Осы тармақ бойынша интеллектуалдық меншік объектісі саналатын қызметті тек осы меншікке эксклюзивті құқығы бар ұйымнан сатып алуға рұқсат етілген.
“ErNar-Media” компаниясы 2022 жылы құрылған. Мемлекеттік сатып алу саласына тек 2024 жылы кіріп, бірден екі мемлекеттік тапсырысқа ие болған. Соның бірі – Сәтпаев әкімдігінің 30 млн теңгелік келісімі. Екінші келісімшартты компания Ұлытау облысының Қоғамдық даму басқармасынан алып, 40 млн теңгені құраған.
Ашық деректер базасына сәйкес, "ErNar-Media" компаниясының басшысы Еркебұлан Молдашев – Ұлытау облысы мәслихатының AMANAT партиясынан сайланған депутаты.
YouTube платформасында “ErNar-Media” компаниясының жеке арнасы жұмыс істейді. Онда студия түсірген сериалдар мен қысқаметражды фильмдер жарияланған. Көптеген видеолар мыңнан бастап он мыңға дейін қаралым жинаған, ал кейбір роликтердің қаралымы 200-300 мыңға дейін жеткен. Жарияланған туындылардың атаулары: «Парақор», «Жедел жәрдем», «Контенттің құрбаны», «Лудоман», «Алимент», «Марафон» және «Махр».
Бұдан да маңызды сұрақ – неге бұл тапсырыс дәл осы “ErNar-Media” компаниясына берілді? Компанияның сериал түсіру саласындағы тәжірибесі қандай? Ал ең бастысы – мәслихат депутаты Еркебұлан Молдашевтің бұл келісімді алуына оның саяси лауазымы әсер етті ме?
Қазіргі уақытта бұл іске қатысты Антикор тексеріс жүргізіп жатыр.