Газа секторындағы қантөгіс тоқтай ма?

Газа секторындағы қанды қырғынды тоқтатуға әлі де үміт бар.
Қақтығыстардан шаршаған әлем жұртшылығы Израиль мен ХАМАС арасындағы жаугершіліктің тоқтауын тағатсыздана күтуде. Соңғы мәліметке сәйкес, АҚШ қақтығысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келісімнің жаңа жобасын ұсынып отыр. Бұл туралы Ақ үйдің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Виткофф ресми түрде мәлімдеді.
Вашингтон ұсынған жобаға сәйкес, Израиль мен ХАМАС 60 күн бойы оқ атуды доғарып, бейбіт келісімге келуге міндеттеледі. Бұл кезеңде тараптар келесі шарттарды орындауы тиіс:
- ХАМАС Израиль тұтқынында отырған 10 адамды босатады;
- Сонымен қатар, мерт болған 18 адамның мәйітін қайтаруы керек;
- Израиль өз тарапынан әскери іс-қимылдарын уақытша тоқтатады.
Израиль тарапы АҚШ ұсынған келісім жобасын қабылдап үлгерді. Ал ХАМАС жағы әзірге нақты жауап бермеді. Алайда сарапшылардың айтуынша, бұл жоба – ұзаққа созылған соғысты тоқтатудың реалды мүмкіндігі болуы мүмкін.
Бітім мерзімі аяқталғаннан кейін, қос тарап тұрақты бейбітшілік келісіміне қол қоюы тиіс. Бұл келісімнің ішінде:
- тұтқын алмасу,
- гуманитарлық дәліз ашу,
- Газадағы азаматтық инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері қарастырылады.
АҚШ-тың бұл бастамасын Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуроодақ қолдады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары тараптарды адам құқығын сақтауға, бейбіт жолмен келісуге шақырып отыр.
Газа секторындағы қантөгіс тоғыз айға жуық уақыттан бері жалғасып келеді. Мыңдаған бейбіт тұрғын опат болып, миллиондаған адам босқынға айналды. Енді жаңа бастаманың іске асуы – тек саяси шешім емес, соғыс шарпыған халықтың үміті мен тыныштығына жол болмақ.