Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:40

Қазақстандықтар Ираннан Әзербайжан арқылы эвакуациялануда

Эвакуация
Фото: ашық дереккөз

Алты қазақстандық азамат Иран аумағынан шығып, «Астара» бақылау-өткізу пункті арқылы Әзербайжан шекарасынан өтті. 

Бұл туралы Report агенттігі хабарлады. Эвакуация Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт ушығуына байланысты жүріп жатыр. Қазақстан азаматтары шекаралық бекетке өз бетімен жеткен және Әзербайжан тарапынан оларға барлық қажетті жағдайлар жасалды.

«Адамдарға медициналық қызмет көрсетілді, демалуға және таңғы ас ішуге мүмкіндік берілді. Қажет болған жағдайда психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр», - деп мәлімдеді Әзербайжанның жауапты қызметкерлері.

Ақпаратқа сәйкес, Әзербайжан Иранда жүрген шетел азаматтарын эвакуациялауға көмек көрсетуге келіскен. Бірқатар елдер, оның ішінде Қазақстан да Бакуге өз азаматтарының қауіпсіз шығуын ұйымдастыруды сұрап, ресми өтініш жасаған.

«Біз гуманитарлық қағидаттар негізінде әрекет етеміз. Көмекке мұқтаж және шекараны қауіпсіз кесіп өте алатын адамдардың барлығына тиісті қолдау көрсетіледі», - деді Әзербайжан тарапы.

Эвакуациялау процесі жалғасып жатыр. Алдағы уақытта Иранда жүрген өзге де шетел азаматтарының «Астара» бекеті арқылы шығуы күтілуде.

Айта кетейік, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағына әуе соққыларын жасаған. Бұған жауап ретінде Тель-Авивке қарсы шабуылдар жасалды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі қақтығыстың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме таратты. Сонымен қатар, Қазақстан әуе компанияларына Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігі үстінен және маңынан ұшуға тыйым салынды.

Тегтер: