Мюнхенде Ирандағы аятолла режиміне қарсы жаппай митинг өтті
Мюнхенде Ирандағы аятолла режиміне қарсы жаппай наразылық акциясы өтті. Шара Мюнхен қауіпсіздік конференциясына — сыртқы саясат пен жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне арналған әлемдегі ең маңызды форумдардың біріне орай ұйымдастырылды.
Бұл туралы DW басылымы хабарлады.
Полиция дерегіне сәйкес, көшеге шамамен 200 мың адам шыққан. Наразылық білдірушілер қала орталығына 1979 жылға дейін, яғни исламшыл күштер билікке келгенге дейін қолданылған Иранның тарихи туын алып жиналған. Акцияға қатысушылар қазіргі билікке қарсы екенін білдіріп, ел ішіндегі наразылық танытып жүрген ирандықтарды қолдайтындарын мәлімдеді.
Бұрынғы шахтың ұлы Реза Пехлеви де демонстранттарды қолдап, иран халқына халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет екенін айтты. Күндіз ол митингке жеке өзі қатысқан.
Халықаралық форум өтуіне байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мюнхенде бес мыңнан астам полиция қызметкері кезекшілік атқарды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, акция айтарлықтай оқыс оқиғасыз өткен.
Иран Ислам Республикасында наразылық шерулері 1999 жылдан бері ара-тұра өткізіліп келеді. Әдетте олар бейбіт сипатта өтеді. Алайда 2025 жылдың желтоқсанында митингілер құқық қорғау органдарымен қақтығыстарға ұласқан. Иран билігі тәртіпсіздіктерге АҚШ пен Израильді айыптаған.