Әсем Қасымханова, саясаттанушы: Жастар саясатын жетілдіру қажет

Жастардың қоғамдағы орны, олардың білімі мен білігі қай кезде де аса маңызды.
Олардың үні, көзқарасы қоғамдық сананың бір бөлшегі. Сондай-ақ жас адамның болмысын қалыптастыру да аса күрделі мәселе. Мұндай шаруаның бір ұшы мемлекеттік саясатпен сабақтасып жатыр. Өнімді, нәтижелі жүргізілген саясат жастардың да қалыптасуына әсер етері анық. Осы уақытқа шейін бұл тарапта біраз жұмыстар атқарылды.Қазір елде 2023–2029 жылдарға арналған жастар саясатының тұжырымдамасы бар. Бұл тұжырымдаманы әзірлеуге бірнеше министрлік жұмылдырылды. Ұлттық экономика министрлігінен бастап, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ғылым және жоғары білім министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және тағы басқа бірқатар министрліктерге тұжырымдама бойынша жұмыс істеу жүктелді. Біз «Жас Алашқа» тұрақты түрде пікір білдіріп жүрген саясаттанушы, Әсем Қасымхановамен жастар саясатының аяқ алысы туралы аз-кем пікірлестік.
– Әсем ханым, сіз шетелде білім алдыңыз, біраз уақыт Эстонияда тұрдыңыз. Жалпы, салыстырып айтсақ, өзге елдерде жастар саясатының министрліктермен ақылдасып, кеңесіп қабылдаған тұжырымдамасы бар ма?!
– Әрине, бар. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі 2015 жылдан бері жастар саясатына қатты мән беру керектігін, мемлекеттік жастар саясатыныңтұжырымдамасы болуы қажеттігін айтып келеді. Содан бері осы ұйымға мүше елдердің біразы жастар саясатының арнайы тұжырымдамасын жасап, онымен жұмыс істеуді жолға қойды. Өз кезегінде Қазақстан да 2023 жылдан бері бірқатар министрліктермен кеңесіп, арнайы жастар саясатының тұжырымдамасын қабылдады. Соның аясында жастарды қолдайтын бірнеше бағдарламалар қолданысқа енді. Бүгінде «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар практикасы», «Жас маман», «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» тәрізді жобалар мен бағдарламалар ұсынылған. Бұған қоса, мемлекеттік жастар саясатының негізгі шаралары «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде көзделген. Бұл жоба 10 бағыт шеңберінде 55 іс-шараны іске асыруды мақсат етеді. Олар оқыту және жұмысқа орналастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани-адамгершілік тәрбие беру, тұрғын үй мәселелерін шешу, құқықтық және экологиялық мәдениет деңгейін арттыру жөніндегі міндеттерді қамтиды.Бұл жобалардың барлығын арнайы министрліктермен ақылдасып, солардың берген ұсынысымен жүзеге асырмаса, мұны бір ғана әкімдіктер арқылы немесе ішкі саясат бөлімі арқылы жүзеге асыру аздық етеді. Сондықтан жастар саясатының орындалуында министрліктерге де жауапкершілік артылғаны жөн. Бұл уәкілетті органдар жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуде, жұмыспен және баспанамен қамтуда белсенділік танытқаны абзал. Жас мамандардың жұмыспен қамту мәселесі шешімін табуы керек.Жастардың бизнеспен айналысуына, елдің экономикасын дамытуға үлес қосуына мүмкіндіктер берілуі тиіс. Олардың саяси жаңалықтарға деген қызығушылығын арттыру маңызды. Қазіргі жастардың дені саяси-экономикалық сауатты болуы болашақ үшін ауадай қажет.
– Жуырда BRIF Research Group»зерттеу орталығы Қазақстан жастары әлеуметтік желілерде күн сайын бірнеше сағат өткізетінін жариялады. Жастар арасында ең танымал әлеуметтік желілер: Instagram және Youtube, Тик-ток желілері. Жалпы әлеуметтік желіге үйірлік жастар саясатына қаншалықты кері ықпал етеді?!
– Меніңше, әлеуметтік желі белгілі бір деңгейде уақыт өткізуге ықпал етер. Алайда нағыз білім алу арқылы ғана сауатты маман, саяси сауатты көзқарасқалыптасады. Сондықтан жастар әлеуметтік желіге байланғаннан гөрі білім алуға машықтанғаны жөн. Жастардың қоғамдық саяси процестерге тартылуы, саяси партияларға мүше болуы, мәслихаттар мен мәжіліс жұмысына қатысуға талпынуы өзекті. Мысалы, 2022 жылы мәжілісте 35 жасқа дейінгі 7 депутат болды. 2023 жылғы жағдай бойынша елде 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметкерлердің саны 14 990 адам болыпты. Қазір жергілікті әкімдіктерде «Жастар практикасы» деген жоба бар. Бұл жобаны да мемлекеттік қызметке жастардың келуі үшін жүзеге асырып отырмыз. Ауыл-аймақтарда осы «Жастар практикасы» арқылы әкімдіктерге жас мамандар тартылып жатыр. Айлық табыстары 95–100 мың теңгені құрайды. Оқуды жаңадан тәмамдап келген жас маманға жұмыссыз жүргеннен гөрі осындай жобалар аясында жұмысқа орналасқан жөн дер едім. Бұдан соң волонтерлік жұмысқа қызығатын жастардың саны артып келеді. Ерікті түрде волонтер болу арқылы да өз көзқарастарын білдіріп жүрген жастар бар. Мұның барлығы кейінгі жастарға үлгі. Сондықтан әлеуметтік желіден гөрі, осындай істерден үлгі алуға үндер едім.
– Білесіз, мемлекет жастарға жеңілдетілген ипотека, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін көптеген құралдарды ұсынып жатыр. Осыны сауатты жүзеге асыра алып отырмыз ба?!
– Қазір жастарды жұмысқа орналастыруғажәрдемдесу мақсатында «Бірінші жұмыс орны» жобасы бар. Бұл жоба бойынша жергілікті әкімдіктер ЖОО орнын бітірген түлектерді бірінші жұмысқа орналастырады. «Бірінші жұмыс орны»жобасы бойынша жұмысқа орналасу алғаш рет кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру бейіні бойынша жақын мамандыққа сәйкес жүзеге асырылады. «Бірінші жұмыс орны»жобасы бойынша жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде қатысушыны кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, бұл ретте халықты жұмыспен қамту орталығы 1 жыл жұмыс үшін еңбекақы төлеуді субсидиялайды. Жергілікті бюджеттен айына субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда 30 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банктік қызметтерді ескере отырып) құрайды. Бұдан кейін жастарды жұмыспенқамтуға қатысты «Ұрпақтар келісімшарты» жобасыбар. Бұл жоба бойынша жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде жобаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, бұл ретте халықты жұмыспен қамту орталығы 6 ай жұмыс ішінде еңбекақы төлеуді субсидиялайды. Бұл жоба бойынша да жергілікті бюджеттен айына субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда 30 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банктік қызметтерді ескере отырып) құрайды.
– Енді осы жобаларды қалай тыңғылықты іске асырамыз?
– Бұл тұрғыда жастар ресурстық орталықтарының (ЖРО) жұмыс істеуі де маңызды болып табылады. Мысалы, ЖРО-ның пассивті жұмыс істемеуі тиіс. Жастар мұндай орталықтардың бар екенін білуі керек. Өкінішке қарай, жастар қазір мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз. Сондықтан бағдарламалардың насихатын арттыру керек. Ауыл жастары мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының қызығын көруі тиіс. Ауылдағы жастар көп жағдайда тұрғын үй, медициналық көмек, базалық білім алу, жоғары инфрақұрылымдық қамтуға қол жеткізбеген. Олардың арасында ата-анасының зейнетақысына иек артып отырғандар да бар. Міне, осындай азаматтардың әлеуметтік жағдайын түзеуге тырысқанымыз абзал. Бұдан басқа, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастарды мәдени құндылықтарға баулу қажет. Жастардың ішкі көші-қоны, атап айтқанда, жастардың қалалық жерге көшуі ауылдың маңызды әлеуметтік проблемасын білдіреді. Жалпы ауыл тұрғындарының көші-қон деңгейімен салыстырғанда, ауылдан қалаға келетін 30 жасқа дейінгі жастардың саны 2-3 есе көп. Өңірлік проблема, жастардың ауылдық жерлерден көші-қон ағыны, осының барлығы үйлесім тапқанда жастар саясатының да жұмысы алға басады. Сондықтан бірінші кезекте жастар өздеріне қатысты жазылған тұжырымдаманы оқуы тиіс. Одан кейін мемлекеттік бағдарламалардан хабардар болғаны жөн. Мысалы, біздің жастар саясатына қатысты жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларымыздың өзі халықаралық тәжірибелермен үйлескен.
– Жалпы жастар саясаты әлем елдерінде қалай іске асады, олардың айырмашылық, артықшылығы қандай?
– Жастар саясатын дамыту бағдарламалары Бельгияда 1996 жылы құрылған. Өзбекстанда 2018 жылы «Жастар болашағымыз» бағдарламасы қабылданса, Финляндияда өңірлік деңгейде жастар жұмысы мен жастар саясатын облыстық мемлекеттік ведомстволар білім және мәдениет министрлігінің басшылығымен жүзеге асырып келеді. Олардың міндеттеріне: жастарды жұмыспен қамту, табыстар, тұрғын үй, білім беру және кәсіби дайындық, денсаулық сақтау және бос уақыт кіреді.Австралия болса, 2006 жылдан бері «Жастар перспективасы» бағдарламасымен жұмыс істеп келеді. Катар елінде 2007 жылдан бері жастардың пікір алмасуына арналған арнайы бағдарлама қолданысқа енді. Германияда Қазақстанмен ұқсастығы бойынша мемлекет есебінен қаржыландырылатын жастар орталықтары бос уақыт үшін ғана емес, қажет болған жағдайда нақты көмек ұсынады. Мысалы, жастар кәсіптік бағдар беру бойынша кеңес ала алады, мектептегі қақтығыстарды немесе есірткі мәселелерін қалай шешуге болатындығы туралы сұрақтар қоя алады. Жапонияда 703-тен астам жастар орталығы жұмыс істейді. Көп жағдайда бұл орталықтар жастармен, мектептердегі ата-аналармен консультациялар өткізеді. Сонымен қатар орталықтар қызметінің негізгі бағыттарының бірі – бас бостандығынан айыру орындарынан оралған жастардыәлеуметтендіру болып табылады. Салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды насихаттауға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар елде орта білім туралы дипломы жоқ азаматтарға қолдау көрсететін 160-тан астам RYSS (Regional Youth Support Stations) орталықтары жұмыс істейді. Жапон жастар орталықтарында салауатты өмір салтын насихаттау тәжірибесін Қазақстандағы 191 жастар денсаулық орталығында жастарды психикалық және репродуктивті денсаулық сақтау қызметтерімен қамтуды арттыру мақсатында қолданған жөн. Ал өзі білім алған Эстонияның жастар орталықтарының әлеуетін дамыту мен сапалы пайдалану саласындағы тәжірибесі ерекше. Эстонияда жастар орталығы – бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдары ұйымдастыратын жастармен жұмыс істейтін мекеме. Сондай-ақ, Эстония университеттерінде «Жастармен жұмыс»мамандығы оқытылады. Міне, осындай тәжірибелерді ескерсек, бізге де жастар саясатын дамытуға қатысты үлкен ізденістерден қашпау керек. Бұл салаға үнемі ізденіспен келіп, үнемі жетілдіріп отырған абзал.
Сұхбаттасқан
Қ.САЙЛАУ