Оңтүстік Кореяда мерзімінен бұрынғы президент сайлауы өтіп жатыр

Оңтүстік Кореяда бүгін елдің жаңа президентін таңдау үшін мерзімінен бұрынғы сайлау өтіп жатыр.
Бұл саяси науқан бұрынғы президент Юн Сок Ёльге сенімсіздік білдіріліп, импичмент жарияланғаннан кейін ұйымдастырылып отыр.
Сайлауға бірнеше партия мен тәуелсіз үміткер қатысуда. Негізгі қарсыластар ретінде елдің ең ірі оппозициялық күші — Демократиялық партиядан ұсынылған Ли Чжэ Мен мен қазіргі билік басындағы «Халық күші» партиясының үміткері Ким Мун Су танылып отыр. Сауалнама нәтижелері осы екі саясаткердің сайлаудағы бәсекесі тартысты болатынын көрсетіп отыр.
Сонымен қатар «Жаңа реформалар» партиясынан Ли Джун Сок, Демократиялық жұмысшы партиясының атынан Квон Ён Гук, бұрынғы премьер-министр Хван Гёан мен кәсіпкер Сон Джин Хо тәуелсіз кандидат ретінде сайлауға түсіп жатыр.
Оңтүстік Корея заңы бойынша президент бір турда сайланады. Яғни, ең көп дауыс жинаған үміткер бірден президент атанады. Бұл елде президенттік өкілеттік мерзімі — бес жыл, және бір рет қана сайлануға рұқсат етілген.
Сайлау барысын бақылау үшін ел ішінде және халықаралық деңгейде түрлі ұйымдар тартылған. Қоғамдық қауіпсіздік шаралары да күшейтілді. Ел азаматтары үшін дауыс беру — конституциялық құқық қана емес, сонымен бірге елдің болашағына әсер ететін маңызды таңдау.