Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Этика кодексіне өзгеріс: спортшыларға діни үгіт айтуға болмайды

Дін
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Қазақстанда енді спортшылар өз діни көзқарасын ашық түрде білдіре алмайды.

Туризм және спорт министрлігі 2025 жылғы 27 маусымда спорт саласындағы этика кодексіне өзгерістер енгізіп, діни үгіт-насихат пен миссионерлік қызметке ресми түрде шектеу қойды. Мұнда кез келген діни ишаралар туралы сөз болып отыр — мысалы, жұрт алдында дұға жасау, айқыш белгісін салу немесе қолды жайып бата тілеу. Сонымен қатар мұндай әрекеттерге толық тыйым салынбайтыны атап өтілген. Алайда этика сақталуы тиіс ресми жағдайларда (жарыс кезінде, марапаттау сәтінде және т.б.) мұндай діни көріністерге жол берілмеуі керек.

Жаңа ереже спортшылармен қатар, жаттықтырушыларға, төрешілер мен оқытушыларға да бірдей қолданылады. Атап айтқанда, енді:

  • жаттығу мен жарыс кезінде діни көзқарасын білдіруге,
  • өзгелерді діни ұйымға тартуға немесе діни үгіт айтуға,
  • қоғамдық жерде мас күйде жүруге,
  • жаттығу немесе жарысқа қатысты құпия ақпаратты жария етуге,
  • саяси ұран көтеруге тыйым салынады.

Сонымен қатар этикалық нормаларға сәйкес спортшылар:

  • Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсетуі,
  • Әнұран мәтінін білуі,
  • Марапаттау сәтінде ресми әрі жабық киіммен шығуы тиіс.

Жаңа талаптар 2025 жылғы 19 шілдеден бастап заңды күшіне енеді.

Министрлік бұл өзгерістер қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және спортта бейтараптықты қамтамасыз ету үшін енгізілгенін айтты. Ведомствоның ұстанымы — спорт саясат пен дінге емес, әділ бәсекеге, әдеп пен тәртіпке негізделуі тиіс.

Барлық спорт ұйымдары этика кодексінің мәтінін көрнекі жерге ілуге және ол құжатпен барлық спортшыларды, жаттықтырушылар мен төрешілерді келісімшартқа қол қойған сәттен бастап таныстыруға міндетті. Мұндай шектеулер халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Халықаралық Олимпиада комитетінің кодексінде спорт алаңдарында кез келген саяси, діни немесе нәсілдік үгіт-насихатқа тыйым салынатыны нақты көрсетілген.

Бұл бастама қоғамда екі түрлі пікір тудырды: кейбіреулер оны артық шектеу десе, енді бір бөлігі дер кезінде қабылданған орынды шешім деп бағалап отыр.