Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:25

Нұрлан Байғазиев тұрғын үйді жеке кеңсеге айналдырмақ: жұрт наразылық білдірді

Байғазиев
Фото: ашық дереккөз

Іле ауданының тұрғындары мәслихат депутаты Нұрлан Байғазиевтің әрекеттеріне наразы.

Олардың айтуынша, депутат көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы екі пәтерді өз бетінше қайта жоспарлап, оларды жеке кеңсеге айналдырмақ болған. Бұл бастама тұрғындардың ашуын тудырды. Себебі жөндеу жұмыстары кезінде балкон бұзылып, ешқандай келісімсіз аулада өскен ағаштар кесілген.

Тұрғындардың наразылығын тек бұл ғана емес, депутаттың өзі де күшейтіп отыр. Куәгерлердің айтуынша, Нұрлан Байғазиев ауланың әйел тұрғындарымен дөрекі сөйлесіп, үй тұрғындарын ауладан қуып шыққан. «Сендер мұнда кімсіңдер?» деп, оларды менсінбей сөйлеп, тұрғын үйдегі пәтерлердің құжаттарын, тіркеу туралы анықтамаларын талап еткен. Бұл талаптар оның қызметтік өкілеттігіне кірмейді.

Бұған қоса, тұрғындардың айтуынша, депутат оларға «мәселе туындатамын» деп қоқан-лоқы көрсеткен.

Қазір үй тұрғындары құзырлы органдардан депутат Байғазиевтің әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрап отыр. Олар жергілікті билік пен прокуратураның бұл іске бей-жай қарамайтынына үміттенеді.

Нұрлан Байғазиев — Алматы облысы Іле ауданының мәслихатының депутаты, адвокат. 2025 жылы 13 мамырда Тараз қаласындағы дәмханалардың бірінде оған шабуыл жасалды. Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз адам оның бетінен кастетпен ұрған.

Тегтер: