Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:56

Трамп әлемдік көшбасшылармен жаңа стильде сөйлесе бастады

Трамп
Фото: БАҚ

Бұл туралы Politico басылымы жазды. 

Politico басылымының жазуынша, Дональд Трамп президенттік қызметіне қайта кіріскеннен кейін де дипломатиялық хаттамаларға бағынбай, шетелдік көшбасшыларға өзінің жеке телефон нөмірін ұсынып, оларға тікелей хабарласуды сұрауда немесе өзі байланыс орнатуда.

Мұндай саясаткерлер қатарында Франция президенті Эмманюэль Макрон, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман, сондай-ақ Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бар екені хабарланды. Бұл туралы басылымға Вашингтондағы дереккөздер мәлімдеген.

Дереккөздің айтуынша, Трамп пен Макрон арасындағы қатынас ерекше жылы сипатта. “Бұл күлкілі әрі оғаш болды. Трамп: ‘Эмманюэль-ль-ль’ дейді, оған Макрон: ‘Дональд-д-д’ деп жауап береді. Осылайша бір-біріне лақап аттармен үн қататын”, - дейді басылымға сұхбат берген шенеунік.

Тағы бір дереккөздің хабарлауынша, екі саясаткер арасындағы қарым-қатынас деңгейі француз президенті Эмманюэль Макронға көпшілік алдында Трампқа қатысты кейде «қатқылдау сөйлеуге» мүмкіндік береді.

Politico Трамптың бейресми сөйлесу стиліне басқа әлемдік көшбасшылардың да бейімделіп жатқанын атап өтті. Олардың бұл тактикасы жемісін берген көрінеді. Мысалы, маусым айында Нидерландыда өткен НАТО саммитінде Трамп өз көзқарасын өзгерткенін айтып, “ұлы көшбасшылармен кездескен соң” альянсқа деген көзқарасының оң бағытқа ауысқанын және Еуропаның қорғаныс қабілетін арттыру “алаяқтық емес” екенін мәлімдеген.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер наурыз айында Дональд Трампқа WhatsApp арқылы хабарлама жіберіп, АҚШ басшысы мен Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы Ақ үйдегі келіспеушіліктің салдарын жұмсартуға тырысқан. Қазір Трамп Шотландияға сапармен келген кезде, ол мен Стармердің гольф ойыны жоспарланған. Басылым атап өткендей, гольф Трамппен жеке байланыс орнатуға ұмтылған басқа саясаткерлер үшін де тиімді құрал екен.

«Бұл ішінара басқа елдердің басшылары Трамппен жеке қарым-қатынаста белсендірек болып, оңаша кезде көбірек жағымпазданғанының нәтижесі», - дейді Politico-ның дереккөзі.

Бейресми байланыс Трамппен диалог орнатудың жаңа құралына айналғандай.