Байқоңырдан «Прогресс» жүк кемесі ұшырылды

Астана уақытымен 00:32:40-та Байқоңыр ғарыш айлағындағы №31 алаңнан «Союз-2.1а» зымыран тасығышы «Прогресс МС-31» жүк кемесімен бірге ұшырылды.
«Прогресс МС-31» кемесінің Халықаралық ғарыш станциясымен (ХҒС) түйісуі 4 шілдеге жоспарланған және штаттық режимде екі тәуліктен кейін жүзеге асырылады. Бұл ұшырылым Халықаралық ғарыш станциясын қамтамасыз ету бағдарламасы аясында өтті.
Ресейлік жүк кемесі ХҒС-қа жалпы салмағы 2625 келі болатын түрлі жүктерді жеткізеді. Оның ішінде 950 келі отын (станцияның орбитада қалуын қамтамасыз ету үшін), азық-түлік, ауа, су, сондай-ақ ғарышкерлерге арналған сәлемдемелер бар. Бұған қоса, «Родник» жүйесі арқылы 420 литр ауыз су, 50 келі азот және ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған жабдықтар мен құрылғылар салынған 1205 келі жүк жеткізіледі. Жоспарланған ғылыми жобалар: «Виртуал», «Биодеградация», «Фуллерен», «Биополимер», «Импульс» және «Мираж».
«Союз» зымыранының корпусына 1975 жылы жүзеге асқан кеңес-америкалық «Союз-Аполлон» бағдарламасының 50 жылдығына арналған арнайы постер жапсырылған. Еске салайық, 1975 жылдың 15 шілдесінде Байқоңырдан кеңестік «Союз-19» кемесі ғарышкерлер Алексей Леонов пен Валерий Кубасовпен бірге ұшырылды. Ал жеті жарым сағаттан кейін АҚШ-тың Канаверал мүйісінен Томас Стаффорд, Дональд Слейтон және Вэнс Бранд мінген «Аполлон» кемесі жолға шықты.
1975 жылдың 17 шілдесінде екі кеме орбитада түйісіп, алғаш рет екі түрлі елдің ғарыш кемелері бір жүйеге біріктірілді. Ұшу барысында экипаж мүшелері төрт рет бір кемеден екіншісіне өтіп, бірлескен миссияны орындады. 19 шілдеде кемелер ажыратылып, халықаралық ғарыш сапары аяқталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Халықаралық ғарыш станциясында 73-экспедиция жұмыс істеуде. Экипаж құрамында: станция командирі Такуя Ониши (Жапония), бортинженерлер Сергей Рыжиков, Алексей Зубрицкий, Кирилл Песков (барлығы — Ресей), Джонатан Ким, Энн МакКлейн және Николь Айерс (барлығы — АҚШ) бар.
Еске салайық, бұған дейін Ресей Байқоңырдағы бірқатар нысандарды қайтаратыны туралы жазған едік.