Храпуновтардың Швейцариядағы байлығы артып барады

Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың жұбайы Лейла Храпунова Швейцарияда қалай өмір сүріп жатқанын көрсететін бейнебаян жариялады.
Ұзақтығы 23 минуттық видеода ол көрермендерді елдегі тұрмыс-тіршілікпен таныстырып, бейне-саяхат жасауға шақырады.
"Швейцариялықтар жазды белсенді және табиғат аясында өткізгенді ұнатады. Олар жергілікті көлдерде демалуды, тауда серуендеуді, су спортымен айналысуды, сонымен қатар жергілікті мәдени іс-шараларға белсене қатысқанды жөн көреді", - дейді қашқын шенеуніктің әйелі.
Виктор Храпунов 1997 жылдан 2004 жылға дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған. Ол тау бөктеріндегі заңсыз құрылысқа байланысты туындаған даудан кейін сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің ұсынысымен қызметінен босатылған. Артынша оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында коммуналдық жер телімдерін жеке меншікке заңсыз өткізу деректері әшкере болды.
Храпуновтар отбасы өздерінің жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу белсенділігі арқылы швейцариялық қоғамды да таң қалдырып отыр. Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың мол қаржыны оңды-солды жұмсап жатқаны туралы пікірлер бүгінде Еуропадан Қазақстанға да жетіп жатыр. Жуырда Forbes Kazakhstan порталы Женевадағы ең элиталық ауданның бірінде орналасқан олардың сән-салтанаты келіскен зәулім сарайының суретін жариялады. Материалда Храпуновтардың Қазақстан мен Швейцариядағы жылжымайтын мүліктері мен жер телімдерінің тізімі де ұсынылған. Аталған тізімде Алматыдағы пәтерлер, саяжайлар, автотұрақтар, сауда-ойын-сауық кешендері секілді 37 нысан бар.
Айта кетейік, Швейцарияда тіркелген 14 аса бағалы мүлік – виллалар, пәтерлер, қонақүйлер, ірі кеңселер мен мейрамханалар да бар. Осылайша, швейцариялық миллиардерлер тізімінде Храпунов тегімен бірнеше адам пайда болды: Виктор Храпунов, оның әйелі Лейла Храпунова, баласы Ілияс және келіні Эльвира Храпунова-Бильдимани.
Бұл – Храпуновтар Қазақстаннан алып кеткен қаржыны Швейцарияда ашық әрі тиімді іске жаратып жатқанының айғағы. Қазіргі таңда олар Женевада құрылыс және мүлік саудасымен белсенді айналысып жүр. Мысалы, 2007 жылы В. Храпунов Женева көлінің жағасынан құны 32 миллион франк тұратын сәнді вилла сатып алған. Бұл жылжымайтын мүлік Эльвира Храпунова-Бильдимани есімді туысының атына тіркелген. Ал 2012 жылы ол тағы да байлықтың жаңа деңгейіне көтеріліп, құрамында 24 резиденциясы бар Hotel du Parc қонақүй кешенін іске қосты. Бұл жоба Қазақстанға қарсы мәлімдемелердің жиілеген уақытымен тұспа-тұс келген.
Еске сала кетейік, Виктор Храпунов Қазақстанда сырттай 17 жылға, ал Лейла Храпунова 14 жылға бас бостандығынан айырылған. 2021 жылы ерлі-зайыптылар Швейцариядан саяси баспана алған болатын.